Қостанай қаласында тұрғындардың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Халық қатысатын бюджет» жобасы соңғы жылдары өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді.
Бұл бағдарлама арқылы қала тұрғындары өз аулалары мен көшелерін жаңартып, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруда.
Қала әкімі Марат Жүндібаев атап өткендей, жоба табысының басты сыры — қарапайым азаматтардың белсенділігі мен ынтымағында.

– Мұның бәрі тұрғындардың белсенділігі мен мемлекет қолдауының нәтижесі. Қостанайлықтар өз аулаларын көркейтуге нақты үлес қосып жатыр. Бағдарлама келесі жылы да жалғасады, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Биыл Қостанайда 40 жаңа балалар спорт алаңы,соның 30-ы тікелей азаматтардың ұсыныстары негізінде жүзеге асқан. Солардың бірі – №9 шағынаудандағы №14 үйдің ауласы.

Бұл аула бүгінде қала тұрғындары арасында үлгіге айналды. Мұнда тек ойын және спорт алаңдары ғана емес, адамдарды біріктіретін жылы атмосфера да қалыптасқан.
Аталған үйдің ОСИ төрайымы Марина Николаевна 2022 жылдан бері осы аумақты абаттандыру жұмыстарын үйлестіріп келеді.

– 2022 жылы біз «Халық қатысатын бюджет» жобасы туралы естіп, қатысуға бел будық. 2023 жылы жобамыз жеңімпаз атанды. Бастапқыда шағын ғана ойын алаңы жоспарланған еді, алайда тұрғындардың белсенді қолдауы арқасында үлкен аумақты абаттандыруға мүмкіндік алдық, – дейді ол.
2023 жылы алғашқы балалар алаңы орнатылса, келесі жылы жоба кеңейтіліп, 600 шаршы метр жерге гүлзарлар, қоршаулар, беседкалар мен орындықтар орнатылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін төсеніш төселіп, жарық шамдары жаңартылды.
–Қазір біздің ауламызды нағыз саябақ деуге болады. Мұнда тек өз шағынауданымыздың ғана емес, басқа аудандардың да балалары ойнайды. Біз көркейген ортада өмір сүріп, көршілермен араласуға мүмкіндік алдық, — дейді Марина Николаевна.
№14 үйдің тұрғыны Гүлмира Әлімова ауладағы өзгерістердің адамдар арасындағы байланысқа да оң әсер еткенін айтты.

– Бұрын бұл жер қараусыз, бос жатқан еді. Қазір таңертеңнен кешке дейін балалардың күлкісі естіледі. Үлкендер де кешкі серуенге шығып, көршілермен әңгімелеседі. Осындай игі жұмыстар адамдарды жақындастырып, ауызбіршілікті арттырды. Біз енді өз аулымызды мақтанышпен айта аламыз, – дейді тұрғын.
ОСИ төрайымы келесі жылға арналған үлкен жоспарларымен де бөлісті. 2025 жылы аулаға 14 метрлік үлкен балалар кемесі орнатылмақ. Бұл ерекше ойын кешені балалардың сүйікті орнына айналмақ.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Қостанайда бүгінде 550-ге жуық аула бар, оның 350-ден астамында балалар және спорт алаңдары орнатылған. Тек биылдың өзінде «Халық қатысатын бюджет» аясында 51 аула абаттандырылды.
Қостанайлықтар бұл жобаны қаланың көркеюі мен қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтудың нақты құралы деп санайды.
Қостанай қаласының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының арқасында өз үйлері мен аулаларына жаңа өмір сыйлап келеді. Мұндай жобалар тек инфрақұрылымды жақсартып қоймай, көршілер арасындағы сыйластық пен бірлікті күшейтуде.
№9 шағынаудандағы №14 үйдің ауласы – соның айқын дәлелі. Бірлескен еңбек пен ортақ жауапкершілік бар жерде нәтижелі іс те, рухани береке де болатыны анық.
Диана Алмасқызы
