Әлеуметтік кәсіп – қоғамға қызмет

Әлеуметтік кәсіп – қоғамға қызмет

Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік бағытына бет бұрған азаматтар саны артып келеді. Олардың қатарында Қостанай қаласындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Перекрёсток» қоғамдық қорының жетекшісі де бар. Осы орайда біз қор басшысы Алексей Куликовпен сұхбаттасқан едік.

         – Алдымен өзіңіздің кәсіби бағытыңыз туралы айтып өтсеңіз. Сіз әлеуметтік кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

– Менің негізгі қызметім – әлеуметтік кәсіпкерлік саласы. «Перекрёсток» қоғамдық қорын басқарамын. Біз ерекше балалармен жұмыс істейміз. Яғни, олардың бос уақыттарын ұйымдастыру, инклюзивті спорт, шығармашылық, білім беру бағдарламалары арқылы олардың әлеуетін ашуға тырысамыз. Бұл бағытқа мен жеке өмірлік тәжірибе мен қоғамда ерекше балаларға арналған жүйелі қолдаудың жеткіліксіз екенін көріп келдім. Бастапқыда бұл тек достар шеңберіндегі бастама еді. Кейіннен шағын жобаға, уақыт өте келе жүздеген отбасына көмектесіп отырған толыққанды ұйымға айналды.

– Жоба бастау кезінде қаржыландыру қалай жүзеге асты? Мемлекеттік қолдау болды ма?

– Алғашқы кезеңде біз негізінен жеке инвестиция мен еріктілердің көмегіне жүгіндік. Әрине, ол оңай болған жоқ. Бірақ кейінірек түрлі конкурстар мен гранттарға қатысып, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардан қолдау ала бастадық. Қазір бұл қолдау біздің дамуымызға үлкен үлес қосып жатыр.

– Қор тек Қостанай қаласында жұмыс істей ме, әлде кеңірек аумақта ма?
– Біздің орталық Қостанайда орналасқанымен, жұмысымыз әлдеқашан облыс шегінен шығып кетті. Бүгінде бізге Қостанай облысының түкпір-түкпірінен отбасылар келіп жатады. Кейбір жобаларға тіпті басқа өңірлерден де балалар қатысады. Болашақта еліміздің әр өңірінде осындай бастамалар көбейсе деген ниетіміз бар.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Қазір біз ең алдымен жаттығу залының құрылысын аяқтап, тұрақты жаттығулар мен жиындарды жолға қоюды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, спорттық инклюзия бағдарламасын енгізу жоспарда: бұл бағытта жаттықтырушыларды оқыту, жарыстар ұйымдастыру, отбасылармен және мектептермен жұмыс істеу маңызды. Оңалту және демалыс бағдарламаларын кеңейтіп, мультифункционалды инклюзивті орталық құру жоспарда бар. Әрине, серіктестер іздеуді жалғастырып, жаңа жобаларға қатысу арқылы қорымыздың жұмысын жетілдіре бермекпіз.

            – Әңгімеңізге рахмет. Қоғамға қажетті істің алға басуына тілектеспіз.

 

Сұхбаттасқан – Алексей ТААХ

ҚӨУ студенті