Жыл басынан бері Қостанай облысында қызылша ауруының 280 жағдайы тіркелді. Облыс бойынша аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 33,8-ді құрап отыр.
Мамандардың мәліметінше, ауру жұқтырғандардың басым бөлігі (91,4 пайызы) екпе алмаған азаматтар. Бұл көрсеткіш вакциналаудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Екпе алмағандарға тоқталсақ, олардың:
– 99 адам (38,6%) вакцинадан саналы түрде бас тартқан;
– 88 адам (34,4%) екпе жасына жетпеген;
– 45 адамның (17,2%) екпе мәртебесі анықталмаған;
– 24 адамда (9,4%) медициналық қарсы көрсетілім болған.
Аймақтық бөліністе қызылша деректерінің ең көп саны Қостанай қаласында тіркелген — 160 жағдай. Сонымен қатар, Арқалық қаласында 52 жағдай, Қостанай ауданында 22 жағдай және Амангелді ауданында 14 жағдай анықталған.
Дәрігерлер тұрғындарды қызылшаға қарсы екпе алуға шақырады. Себебі вакцинация — аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Мамандардың айтуынша, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың басым бөлігі уақытылы екпе алуы қажет.
