Өңірде тұрғындар пікір алмасатын қоғамдық кеңсе ашылды

Өңірде тұрғындар пікір алмасатын қоғамдық кеңсе ашылды

Қостанайдағы Мүлік иелері бірлестігі кеңсесінің ашылу рәсімі өтті. Бұл кеңсе сонымен қатар ЖСДП бастауыш партия ұйымының жұмыс алаңы ретінде де қызмет ететін болады.  Бұл кеңсе Свобода көшесі, 98 А мекенжайында орналасқан.

Жаңа жоба «Ынтымақ алаңы» деген атауға ие болды. Аталған бастама тұрғындардың күнделікті мәселелерді бірлесе талқылап, тиімді шешімдер қабылдайтын ортаға деген сұранысының артуынан туындаған.

Қазіргі таңда МИБ жүйесі көпқабатты үйлерді басқаруда маңызды рөл атқарады, алайда меншік иелерінің барлығы оның мүмкіндіктері мен жұмыс істеу тетіктерін толық түсіне бермейді. Жаңа кеңсе осы олқылықты толықтыруға, кеңес беру және ұйымдастыру орталығы қызметін атқаруға арналған. Ғимарат алдын ала жөндеуден өтіп, тұрғындардың бас қосуына, мазмұнды кездесулер мен түрлі іс-шаралар өткізуіне ыңғайлы жағдай жасалған. Мұнда әрбір тұрғын өз ойын ашық білдіріп, қолдау тауып, қажетті ақпарат ала алады. Сонымен қатар мәдени, білім беру және әлеуметтік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған.

«МИБ қауымдастығы мен үй тұрғындарының келісімі бойынша біз кеңсені жөндеп, оны тұрақты кездесулерге дайындадық. Бұл жоба «Ынтымақ алаңы» деп аталды. Мұнда егде жастағы адамдар жиналып, бірге бос уақыттарын өткізе алады, араласады. Сонымен қатар, МИБ төрағасының бастамасымен балаларға арналған шахмат клубын ашу жоспарда бар», – деді Қостанай облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Дамир Жақанов.

Мұнда жиналыстар ғана емес, мәдени, білім беру және әлеуметтік іс-шаралар да өткізілмек. Тұрғындарға кондоминиумды тіркеу тәртібі мен құжат жүргізудің ерекшеліктері де түсіндірілетін болады.

«Бұл кеңседе біз тұрақты түрде үйлердің тұрғындарымен кездесіп, оларға өзекті мәселелерді шешуге көмектесеміз, жиналыстар ұйымдастырамыз. Сондай-ақ кондоминиумды тіркеу тәртібі мен басқа да аспектілерді түсіндіруді жоспарлап отырмыз. Партиямен бірлесіп кездесулер өткізіп келдік, енді аптасына бір рет КСК тұрғындары үшін тұрақты жиналыстар өтетін болады», –  деді Қостанай облыстық «Менің үйім» атты өзін-өзі басқаратын кондоминиумдар тұрғындары Ассоциациясының жетекшісі Сайлау Асылбаев.

МИБ төрағасы Қажен Түлембаев қауымдастықтың дамуы уақыт, шыдамдылық пен тұрғындармен тұрақты өзара әрекеттесуді қажет ететін үдеріс екенін атап өтті. Бастапқы қиындықтарға қарамастан, бүгінгі күні оң, нақты нәтижелер байқалуда.

«МИБ төрағасы қызметіне кездейсоқ тағайындалдым. Бастапқыда оңай болған жоқ, көп мәселені басынан түсінуге тура келді. Алайда уақыт өте жағдай өзгерді, қазір істер өз жолына қойылып, ілгері дамып жатыр. Қысқа мерзім ішінде біз бірнеше маңызды жобаны жүзеге асырдық. Қостанай облыстық ЖСДП филиалына және жеке партия төрағасы Жақанов Дамирға алғысымды білдіргім келеді. Олардың қолдауымен осы кеңсе ашылып,толық жабдықталды», – деп атап өтті Қажен Түлембаев.

Үй тұрғындары да өзгерістерді оң бағалады.

«Біз МИБ төрағасы Қажен Түлембаевқа алғысымызды білдіреміз. Біздің үйіміз кішкентай — барлығы 54 пәтер, бірақ ол әрдайым туындайтын мәселелерді шешуге көмектеседі, кездесулер ұйымдастырады. Енді біз бәріміз жиналып, өзекті мәселелерді ашық талқылай алатын орын пайда болды», – деді тұрғындардың бірі.

blank

blank