AMANAT партиясының Жітіқара аудандық филиалы және Жастар Рухы жастар қанатының бастамасымен Жітіқара ауданында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара барысында жалғыз тұратын зейнеткерлердің шаруашылық құрылыстарының шатырлары қардан тазартылды.
Игі іске партияның аудандық филиалының активі мен еріктілер белсенді қатысып, тұрғындарға нақты көмек көрсетті. Бұл жұмыстар көктемгі қар еру кезеңінде су басу қаупінің алдын алу және қарттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылды.
Жітіқара ауданының «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Сабина Утешованың айтуынша, мұндай жұмыстар тек акция аясында ғана емес, жыл бойы тұрақты түрде жүргізілуде.

Еріктілер жалғызбасты қарттарға көмек көрсетіп, қар тазалау жұмыстарын жүйелі түрде қатысып келеді. Аталмыш акция алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Жітіқара ауданы
