Қазақтың ұлттық тағамын дәріптеген жан

Қазақтың ұлттық тағамын дәріптеген жан

Тамара апамызды әлеуметтік желідегі оқырман жақсы таниды. Жанға жайлы, биязы үні біреуге анасын, біреуге әжесін еске салғандай әсер қалдырады. Ол кісі ұмыт бола бастаған қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, балалары осы көріністі желіге жүктейді.

Келіні Света көмектесіп, айналасында немерелері қоршап, мәре-сәре болып, ас қамдап жүрген қазақы отбасының көрінісін көргенде көңілің марқаяды. Бұл жәй ғана аспаздық блог емес, берекелі шаңырақтың шынайы көрінісі.

Тамара апа текті Торғайдың қызы. Жастайынан анасының жанында жүріп, ас әзірлеудің қыр-сырын үйренген. Әр тағамның өзіндік мәні мен тарихы бар екенін жақсы біледі. Бүгінде сол көрген-түйгенін қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа аманаттап отыр.

Бес баланы тәрбиелеп өсірген ана бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысы. Ұрпағы мәуелі бәйтеректей жайқалып, жарасымын тапқан. Қазір үлкен баласымен Астанада тұрып жатса да, жүрегі Торғайдың даласымен үндесіп жатқандай. Оның дастарханынан қазақтың иісі аңқиды.

«Өзім бала кезден ас әзірлегенді ұнатамын. Табиғатқа шықсақ, достарымның арасында тамақты мен істейтінмін. Анам да үнемі “қазақы тағамдарды істеп көрсетейік, ұмыт қалдырмайық” деп айтып жүретін. Бірде соғым кезінде анамның әндетіп отырып, шұжық жасап жатқан сәтін түсіріп алдық. Ол жерде ешқандай жасандылық жоқ, бәрі табиғи, бәрі шынайы. Соны желіге салдық. Қаралымы өте жақсы болды. Халықтың ұлттық тағамға деген сағынышын, қызығушылығын сол кезде анық сездік», – дейді ол.

Осылайша бір сапардан басталған шағын бейнежазба үлкен жобаның алғашқы қадамына айналды. Майсөк, балқаймақ, ірімшік, қарынбүрме, үлпершек – бұлардың кейбірі бүгінгі жастарға таңсық атау. Ал бір тағамның әр өңірде әртүрлі аталатынын сіз білдіңіз бе? Мәселен, бір жерде «бармыш» десе, енді бір өңірде «құлақ» деп атайды. Осындай ерекшеліктерді зерттеп, атауларын салыстырып, мән-мағынасын зерделеудің өзі тұтас әлем сиқты.

Тамара апа – Жангелдин ауданында туған. Торғайдың кең даласында тәрбиеленіп, ауылдың қарапайым тіршілігін көріп өскен. Жолдасы Қабдол Найзабеков те журналистика саласында еңбек еткен азамат. Амантоғай ауданы ашылған тұста алғашқы аудандық газеттің негізін қалап, оның ашылуына ұйытқы болды. Өңірдің ақпараттық кеңістігін қалыптастырудағы маңызды қадам еді. Кейін Ұзынкөл ауданында мәслихат хатшысы қызметін атқарып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты.

Тамара апаның анасы Бигамеш әже – асқа аса ұқыпты, қолы берекелі, дастарханы мол жан болған деседі. Әсіресе балықтан түрлі тағам дайындаудың шебері екен. Әр астың өз тәсілі, өз дәмі болған. Әр тағамды баппен, сабырмен әзірлейтін әженің қасында жүріп, Тамара апа да ас дайындаудың қыр-сырын меңгеріп өседі.