Арқалықтың қариялары жаңа үйдің босағасын майлады

Арқалықтың қариялары жаңа үйдің босағасын майлады

Арқалықтың қариялары халқымыздың ұмытылып бара жатқан «босаға майлау» дәстүрін қайта жаңғыртты. Таяуда қалада 55 пәтерлі тұрғын үйдің пайдалануға берілгені баршаға белгілі. Қарттарымыз салт-дәстүрді жаңғыртып, Байтұрсынов көшесі №12 мекенжайында орналасқан осы үйдің көп балалы тұрғынының жаңа қонысына құттықтау тілек білдіріп, босағасын майлай барды.

blank

Арқалық қалалық «Аналар  кеңесінің» төрайымы Бақытжамал Қалтаеваның басшылығымен ұйымдастырылған бұл тағылымды іс- шараға кеңес мүшелері К. Нұрғалиева, Ғ. Байзақова, Х. Құлмағанбетова, З. Байгенжина және «Әжелер алқасынан» С. Жанақбаева, С. Әбдібек қатысты.

Әжелер босаға майлап, «босағаң, қазан — ошағың майлы, берекелі, дастарқаны несібелі болсын» деп, «отбасыңда той, шашу көп болсын, қонысың құтты — несібелі болсын» деген игі тілектермен рәсім жасады.

blank

Үйге «жаман энергия жоламасын», «жамандыққа тосқауыл болсын» деген ниетпен «үй иесінің бақытты болуын тілейміз» деп Марат қажы Сұлтанбек ата әруақтарға арнап дұға жасап, үй ішіне аталық ақ батасын берді.

blank

 

 

Жаңа пәтер иесі Зина Жәукеқызы қаладағы кафе-ресторандарда аспаз болып жұмыс істейді. Қандай жұмыс болсын тартынбай балаларын өсіріп келеді. Жалғызбасты ананың алты баласының төртеуі ересек. Ұлы Қазыбек жолсерік қызметін атқарады. Нұрсұлтаны – студент. Ересек екі қызы еңбекпен қамтылған. Кейінгі екі баласы мектеп оқушылары.

«Жаңа қонысқа құтты болсын айту ата салты. Үй иесі, балалары келген қонақтарды жарқын жүзбен, жылы қарсы алды. Барған мақсаттағы рәсімдерімізді, жаңа үйге шашу ретінде әкелген бұйымдары мызды табыстадық.  «Қуыс үйден құр шықпа» дегендей, үй иесі дайындап қойған дастарханға тізе бүгіп, дәм татып, ақ тілек батамызды бердік», – дейді «Аналар кеңесінің» төрайымы Бақытжамал Аяғанқызы.

«Үлкен бастарыңызбен қуанышымызды бөлісіп, шашу шашып, бата беріп келгендеріңізге көп — көп рахмет»,-деп үй иесі, көпбалалы ана Зина Жәукеқызы да ақ ниеттерін білдіріп, аға ұрпақтық парызбен келген ардагерлерге алғысын білдірді.

   Мұрат Жүнісұлы

                                                                                                           Арқалық қаласы