«Қайрат» спорт кешенінде дзюдо күресінен 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер мен қыз балалар арасында самбо күресінен КСРО-ның спорт шебері Сағынғали Сейтешовті еске алуға арналған облысты ашық турнир жалауын көтерді.
Сайыстың салтанатты ашылуында еліміздің Әнұраны ойнатылып, спортшылар мен турнир қонақтары көк туға қарап бой түзеді.

Дүбірлі додаға Астана қаласы, Ақмола облысы, СҚО облысы және Қостанай облысының қалалары мен аудандарынан барлығы 14 командада 240 спортшы қатысып, 18 салмақ дәрежесінде бақтарын сынауда.




Спортшыларға Сағынғали Сейтешовтің бірінші жаттықтырушысы Жомарт Сабыржанов, әріптесі Сәбит Нұрғалиев, әулет атынан нағашысы Сапарбек Алшынбаев ақ жол тілеп, баталарын берді.

Жарыстың бас төрешісі Әлішер Таев жарыстың өту тәртібімен таныстырды.

«Сағынғали Айтқұлұлы менің талантты шәкірттерімнің бірі еді. Өзінің ерекше қабілетінің, спортқа деген сүйіспеншілігінің арқасында еліміздің атын шығарып, спортшыларымыздың даңқын аспандатты. Спорт дегеніміз – елдің абыройы. Сағынғали елдің, жердің атын шығарған азамат. Ел туын көтерген тұлғаның құрметтелгені баршамыз үшін зор міндет. Келешек ұрпақ үшін маңызы зор тәлім-тәрбие. Сол себепті, Арқалық қаласында өткен жылы басталып, биыл жалғасын тауып жатқан белгілі спортшы Сағынғали Сейтешов атындағы турнирдің жыл сайын дәстүрлі түрде өтуін, сондай-ақ өзге де ел есінде қалдыру шаралары қарастырыла берсе деген тілектерімізді білдіреміз», – дейді даңқты спортшының ұстазы Жомарт Сабыржанұлы.
Ол 1984 жылы Калининге Қазақстаннан 20 бала барғанда жетістікке жеткен жалғыз спортшы.
«Арамызда болғанда бүгін 60 жасқа толып, мерейтойын ел қатарлы тойлап жатар еді», – деп еске алады ҚР – ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаев.
Марқұмның туған күнінде бауырлары, ұрпақтары, дос-жарандары өзге де жақын — жуықтарының қатысуымен рухына құран-дұға бағышталды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
