Кәсіпкерлер арасындағы ең үлкен қорқыныштар мен толқыныстадың бірі салық жүктемесінің артуы болды.
2025 жылы Қазақстанда салық заңнамасына елеулі өзгерістер енгізіліп, олар бизнес салаларына әсер етті. 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдар мөлшері 3,5%-дан 5%-ға, әлеуметтік салық 9,5%-дан 11%-ға, ал жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары 1,5%-дан 2,5%-ға дейін көтерілді. Бұл өзгерістер кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық тудырды, алайда тәжірибе көрсеткендей, кейбір қорқыныштар асыра бағаланған. Толығырақ – BaigeNews.kz тілшісінің материалында.
№1 дақпырт – Салық реформасы тек ірі корпорацияларға тиімді
Кәсіпкерлер мен қоғам арасында салық реформалары ірі компанияларға қолайлы, ал шағын және орта бизнес қиындықтарға тап болады деген пікір кең таралған.
Бұл пікір ірі компаниялар салықтық жеңілдіктерге, инвестициялық артықшылықтарға және қарапайым әкімшілік рәсімдерге ие деген болжамға негізделген. Алайда шындық басқа.
Астанада Данияр Жұматаев негізін қалаған кофеханалар желісі қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта қалада бес нүкте жұмыс істейді, алдағы уақытта кеңею жоспарланған.
“Біз бастапқыда реформалар тек ірі компанияларға пайдалы деп ойладық. Бірақ жеңілдетілген салық жүйесі мен жалға алу субсидиялары шығындарымызды 18%-ға қысқартуға көмектесті. Осылайша, біз Астанада тағы бір кофехана ашып, жаңа қызметкерлер алдық. Енді франчайзинг арқылы басқа өңірлерге шығуды жоспарлап отырмыз,” – деді кәсіпкер.
Дегенмен, оң өзгерістерге қарамастан, кәсіпкерлер кейбір қиындықтарға тап болуда.
“Салық жүктемесі азайғанымен, коммуналдық төлемдер мен инфляция өз әсерін тигізуде. Кейде жергілікті реттеулердің жеткілікті икемді болмауы жаңа нүктелерді жылдам ашуға кедергі келтіреді,” – деп қосты Жұматаев.
№2 дақпырт – салықтардың өсуі шағын бизнесті жояды
Кәсіпкерлердің ең үлкен қорқыныштарының бірі – салық жүктемесінің артуы. Бірақ іс жүзінде жағдай күрделі. Кейбір мөлшерлемелер өзгерсе де, шағын және орта бизнеске арналған жеңілдіктер мен қолдау шаралары енгізілді.
Айдын Нұрғалиев – бағдарламалық жасақтама әзірлеумен және бизнеске цифрлық шешімдер ұсынумен айналысатын IT-компанияның иесі.
“Біз де бастапқыда алаңдадық, тіпті кейбір бағыттарды жабуымыз мүмкін деп ойладық. Бірақ жаңа ережелерді зерттей келе, шағын бизнеске тиімді жағдайлар жасалғанын түсіндік. Мысалы, Astana Hub бағдарламасы аясында IT-компаниялар бес жыл бойы пайда салығынан босатылды, бұл біздің салық төлемдерімізді 30%-ға азайтты және қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, шағын бизнеске берілетін несие мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасы бойынша біз қарыз қаражатын өтеу кезінде 7%-ға дейін үнемдедік,” – деді Нұрғалиев.
Алайда, ол кейбір қиындықтардың бар екенін атап өтті. Салықтық жеңілдіктерге қарамастан, субсидиялар мен гранттарды алу процесі ұзақ уақытты талап етеді, бұл жобаларды іске асыруды баяулатады.
№3 дақпырт – есеп беру қиындай түсті
Есеп беру жүйесінің күрделенуі туралы пікірлер де кең таралған. Бірақ кәсіпкерлердің айтуынша, керісінше, цифрландыру бизнестің салық органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетті.
Максат Тәліпбаев – Шымкенттегі бірнеше кафе мен мейрамхананың иесі. Ол қоғамдық тамақтану саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.
“Бұрын есеп беру көп уақыт алатын – декларацияларды дайындауға және тапсыруға айына 5-6 сағат жұмсалатын. Қазір процестер автоматтандырылған, біз онлайн-касса мен e-Salyk Azamat жүйесін пайдалану арқылы есепті 30-40 минутта тапсырамыз. Электрондық шот-фактуралар мен автоматтандырылған салық есептеулері қателіктер мен айыппұлдар қаупін азайтты. Әрине, кейде жүйе істен шығып, күтуге тура келеді, бірақ бұл бұрынғыдай салық комитетінің табалдырығын тоздырғаннан әлдеқайда жақсы,” – деді кәсіпкер.
Қорытынды
2025 жылғы салық реформаларына қатысты алаңдаушылық көп болды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, көптеген қорқыныштар асыра бағаланған. Жаңа жағдайларға бейімделе білген кәсіпкерлер бизнес-климаттың жақсарғанын, рәсімдердің оңайлағанын және даму үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болғанын атап өтті.
Мысалы, Дана Өскенбаева 2019 жылы Қарағандыда әйелдер мен балалар киіміне арналған екі бутик ашқан. Бизнес кеңейіп, қаладағы басқа аудандарда жаңа дүкендер іске қосылды.
“Салықтар әрдайым алаңдаушылық тудырады, бірақ біз жаңа бағыттарға инвестиция құю мүмкіндігін көріп отырмыз. Мысалы, шағын және орта бизнес үшін ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 8%-ға төмендеуі операциялық шығындарымызды 20%-ға қысқартуға көмектесті. Сондай-ақ, біз осы жылы тағы бір дүкен ашып, ассортиментті 35%-ға кеңейттік. Ең бастысы – икемділік және өзгерістерге дайын болу,” – деді Өскенбаева.
Осылайша, Қазақстандағы салықтық өзгерістер бизнеске кедергі емес, керісінше, жаңа талаптарға бейімделуге жол ашып отыр.