Қостанайда 2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен және әйелдер күресінен облыстық турнир өтті. 11 өңірдің жас спортшылары қатысқан бәсекеде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге республикалық чемпионатқа жолдама берілді.
Осы жарыста ерекше көзге түскен қатысушылардың бірі – Нәдия Қанатқызы. Оның күреспен айналысып келе жатқанына екі-үш жылдың айналасы ғана болған. Содан бергі аз уақыттың ішінде бірнеше турнирлерде жүлдегер атанып үлгерді. Былтыр, бапкерлерінің айтуы бойынша, Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт интернатында дайыныдығын шыңдап, республикалық жарысқа жолдама беретін іріктеу жарысының бас жүлдесін жеңіп алды.
«Бұл Нәдияның ең үлкен жетістігі. Шәкіртімнің аяқ-алысын күреске келген бетте байқадым. Түбі топ жаратынын біліп, елордаға жібердік. Міне, үмітіміз ақталды. Енді бірыңғай сол жерде жаттығып, облысымыздың атынан сынға түсетін болады», – дейді облыстық қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Сәндібек Сәрсенов.
Сәндібек Сәрсеновтің Анель есімді шәкірті де осы жарыста финалға шығып, республикаға жолдама алды.
Биылғы бәскенің осындай ерекшеліктері бар. Екінші орын алған балуанға да ел біріншілігінде бағын сынауға мүмкіндік беріледі.
Жалпы 2012 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы еркін және әйелдер күресінен өткен жарысқа облыстың 11 өңірінен балуандар қатысты.
«Финалдағы кездесуім онша қиын болған жоқ. Бәсекелесім – күреске енді келген жітіқаралық спортшы. Өзім асығыстық жасадым. Алайда ел чемпионатына жолдама алғаныма қуаныштымын. Бұл қателігімді сонда қайталамауға тырысамын», – дейді Анель Бірманова.
Рудный қаласы құрамасының бапкері Ғали Байбатшаев бұл жарысқа 19 бала әкелген. Оның төртеуі финалда бақ сынады.
Григорий Шилкин өзінің төрт бірдей қарсыласын таза жеңіп чемпион атанса, Ислам Әлиакпар бәсекелестерін ірі есеппен ұтты.
«Кілемге төрт рет шығып, барлығын 10:0 есебімен жеңдім. Бұл менің алғашқы жетістігім емес. Осының алдында Ақтөбе қаласына барып, жүлдегер атанғаным бар. Бұл да болса, бапкерімнің маған берген тәлімінің арқасы», – дейді Ислам.
Жарыстың бас төрешісі Ахдан Кунаев еркін, әйелдер, грек-рним күресінің деңгейі біртіндеп өсіп келе жатқанын мақтан тұтады. Әсіресе, бүгінгі жарыстан жасөспірімдердің спортқа деген ұмтылысын байқаған.
«Балалар тырысып жатыр. Республикалық сайысқа жолама беретін турнир аса тартысты өтті. Оңтүстік жақтың деңгейіне қарағанда, салмағымыз әлі де төмен болғанмен, бүгінгі жарыс сәл де болса дайындықтың жетіліп, ұмтылыс артқанын көрсетіп берді», – дейді Ахдан Кунаев.
Ахдан Кунаев жоғары санаттағы төреші. Ел чемпионаттарымен қатар, халықаралық жарыстарда бірнеше рет төрелік еткен. Бас төрешінің сөзін еркін күрестен облыстық құраманың аға жаттықтырушысы Кәрісбек Махамбетов те растап отыр.
«Бұл жарысты жаңа есімдерді анықтаған бәсекеге деп айтар едім. Құрамаға ілінетін сайдың тасындай балдырғандардың шығып келе жатқаны қуантады», – деп таңырқаған бапкер ұйымдастырушылар мен үздік шәкірт дайындап келе жатқан елді мекендердің бапкерлеріне алғысын білдірді.
Міне, екі күнге созылға бәсекеде әр балуан өздерінің шеберлігімен, қажыр-қайратымен және жеңіске деген ұмтылысымен дараланды. Жарыс барысында спортшылар жоғары деңгейін көрсете білді.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суретке түсірген – Жансая Сәбитбек