Облыстық прокуратура білім беру саласы қызметкерлерінің конституциялық құқықтарының бұзылғанын анықтады. Зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкерлерге кепілдендірілген өтемақы мен іссапар шығындары төленбей келген.
Жұмыстан босату туралы бұйрықтарда зейнеткерлік жасқа толуына байланысты шарттың бұзылғаны көрсетілмеген, бірақ еңбек шарты тараптардың келісімі бойынша немесе қызметкердің өтініші бойынша бұзылғаны атап өтілді.
Дәлірек айтсақ, барлығы 350 қызметкерге 38 миллион теңгеден астам өтемақы төленбей отыр.
Білім бөлімдерінің мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі біліктілікті арттыру курстарынан өткен педагогтарға іссапар шығындарының төленбегені тағы бар. Конституциялық құқықтары бұзылған 1,8 мыңнан астам педагог 185 миллион теңгеден артық ақшаларын ала алмаған.
Қадағалау актілері бойынша 60 миллион теңгеден астам қарыз өндіріліп, 405 мұғалімнің құқықтары қорғалды. Қалған қызметкерлерге төлемдер жақын арада жасалатын болады.
Облыс прокуратурасы білім беру саласындағы заңнаманың сақталуын қадағалап, анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін шаралар қабылдауда. Бұл мұғалімдердің құқықтарын қорғауға және «Заң және тәртіп» қағидатының сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.