Жүз жасқа қараған ардагерді құттықтады (ВИДЕО)

Жүз жасқа қараған ардагерді құттықтады (ВИДЕО)

Бүгін майдангер, Қостанай облысының құрметті азаматы, қазына кеуде қария Қасымхан Алдабергенұлы 99 жасқа толып отыр. Ақсақалға “Қостанай таңы” газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы ұжымның құттықтауын жеткізді.

Ардагер “Қостанай таңы” газетінде ширек ғасырға жуық қызмет еткен. Қазақтың жер-су атаулары, ұлттық өнері туралы мазмұнды мақалаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді.

“Бізге әрқашан үлгісіз. Міне, бүгін жүзге қадам басып отырсыз. Сіздің 95 жастан кейінгі әр жасыңызды жүз жас деп тойлауға болады. Сан қырлы талантқа, сіздей абыз ақсақалға қандай құрмет те лайықты”, – деп тілегін білдірді Кенжеш Оразғалиқызы.

Ардагерді облыстық мәслихат депутаты, “Еуразиялық банк” АҚ Қостанай филиалының директоры Қырмызы Жаңбыршина, көркемөнерпаздар халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының өкілдері Әсел Тасмағамбет пен Бибігүл Баженова да арнайы барып құттықтады.

Сый-құрмет көрсетіп, ақсақалдың батасын алды.

Әжеміздің есімі Шолпан Толғанбаева. Ол кісімен 1956 жылы отау құрып, бес перзент тәрбиелеп жеткізді. Бүгінде балаларынан немере-шөбере сүйіп отыр.

Алдағы күндері жыршы, ақын, Қазақстанның құрметті журналисі Қасымхан Алдабергенұлының қалың көпшілікпен кездесуі өткізілмек.

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу