Жітіқара ауданының тумасы, Қазақ радиосының бұрынғы басшысы және Қазақстанның ақпараттық кеңістігін қалыптастырушылардың бірі Қуанышбай Ормановқа бұл марапат қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, шығармашылық белсенділігіне және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін берілді.
Марапатты облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов пен Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Фархат Балашов журналистика ардагерінің шаңырағына барып арнайы табыстады.

1942 жылы Жітіқара ауданына қарасты Мүктікөл ауылында дүниеге келген Қуанышбай Төребекұлының бүкіл саналы ғұмыры еліміздің ақпарат және мәдениет саласымен тығыз байланысты. Ол журналистика факультетін бітіргеннен кейін Қазақ радиосының басшысы қызметіне дейін көтерілді. Оның басшылығымен Қазақ радиосының хабар тарату аумағы кеңейіп, тіпті ағылшын тілінде хабарлар тарататын бөлім де ашылған еді. Сондай-ақ, ол «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның авторларының бірі.
Бұл – оның тек шығармашылық саласында ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі маңызды істерге де атсалысқанының айғағы.
Арнайы құттықтап барған Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Фархат Балашов бір ауыз ізгі лебізін білдірді.
«Сіздің бүкіл өміріңіз – туған жерге деген шексіз ықылас пен адал қызметтің үлгісі. Еңбегіңіздің арқасында Жітіқара ауданының, жалпы Қазақстанның рухани және мәдени дамуына үлкен үлес қостыңыз. «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі – сіздің тіл мен ұлт үшін жасаған қызметіңіздің лайық бағасы. Ғылыми еңбектеріңіз бен публицистикалық жазбаларыңыз жас ұрпаққа үлгі болып қала береді. Сіздің елге деген құрметіңіз «Менің кішкентай туған жерім – Жітіқара» кітабыңызда да көрініс тапқан. Бұдан бөлек көптеген еңбектеріңіз туған жерге деген сүйіспеншілік ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты тәрбиелеуге деген ерекше ықыласыңызды көрсетеді. Әркез қазақ тілі мен мәдениетінің жанашыры, туған жерінің патриоты және бүкіл Қазақстан халқы үшін үлгі тұтар тұлғасыз», – деді Фархат Балашов.
Қуанышбай Төребекұлы Қазақстанның, атап айтқанда Жітіқараның, Торғайдың, Қостанайдың, Тобылдың, Науырзымның, Аяттың, Қызбелдің, Көкшетаудың, Орықпайдың, Жайылманың және басқа да өңірлердің тарихын зерттеуге зор үлес қосты. Лайықты тұлғаға 2021 жылы «Жетіқара ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген болатын.
Сералы МЫРЗАБАЙ
