Облыс әкімі Қамысты ауданына жасаған сапары аясында ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайымен және даму қарқынымен танысты. Ливанов ауылындағы егістік алқаптарын аралап, диқандармен тілдесті. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен өткізілген кездесуде егіс жұмыстарының барысы, өнім көлемі, техникалық жарақтандыру және мемлекеттік қолдау шаралары сөз болды.
Жергілікті серіктестік директоры Жанат Орқашбаев биыл «Кең дала» бағдарламасы аясында үкіметтен жылдық бес пайызбен несие алғандарын және соның арқасында өндірісте жақсы нәтиже көрсетіп отырғандарын атап өтті.

«Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай қолдаулар шаруаларға үлкен серпін беріп отыр. Қазіргі уақытта шаруашылықта алты комбайн бар, ал 2022 жылдан бастап жыл сайын жаңадан бір комбайн сатып алынуда. Бұл техника жаңарту жұмыстары да мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Ендігі мақсат — өнімді қоймаға уақытында жеткізіп, алынған несиені жауып тастау. Осындай бағдарламалар көбірек болса, ауыл шаруашылығы ілгері жылжыр еді», — дейді ол.

Шаруашылық басшысы өз сөзінде қазіргі уақытта алқаптың жартысы орылып, гектарына орта есеппен 15 центнерден өнім беріп жатқанын айтты. Былтырдан майлы дақылдар егуге де ден қойыпты. Мәселен, чешница дақылы гектарынан 7 центнерден, софлор 10 центнерден өнім беруде.

Келесі жылдан бастап дәнді дақылдарға баса назар аудару жоспарланып отыр. Мемлекеттің қолдауы жанар-жағармаймен дер кезінде қамтамасыз етуге де мүмкіндік берген. Мәселен, шаруашылық желтоқсан айында қажетті құралдарды алып, көктемгі егіс науқанын ойдағыдай атқарып шыққан. Бұл шаралар өңдеу жұмыстарын жеңілдетіп, өнімділікті арттыруға септігін тигізуде.

Өз кезегінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды ұтымды пайдалану қажеттігін ескертті.
«Бәрі бағаға байланысты. Бұл өңірдің жері тыңайтқышты көп қажет етеді, сондықтан агротехникалық және нормативтік талаптарды сақтау маңызды. Бағдарламаға ертерек қатысу керек. Қараша айына дейін құжаттар толық дайын болуы тиіс», — деді әкім.
Жол жөндеу жұмыстарына және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға жергілікті тауар өндірушілер де атсалысуы тиіс екенін айтты.
Мемлекет қолдау жасап отырған жағдайда, кәсіпкерлер де өз кезегінде халыққа жағдай жасауы керек. Елді мекендердің күл-қоқыстан уақытында тазаруы тұрғындардың тұрмысына оң әсер ететінін атап өтті.
Бұл сапар барысында айтылған мәселелер ауыл шаруашылығын дамытудағы нақты бағыттар мен міндеттерді айқындап, өңір диқандарына жаңа серпін беретіндігі анық.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
Қамысты ауданы
