Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен VI халықаралық көп жанрлы жас таланттар фестивалі – «Көктай» байқауында жерлесіміз, өнерлі өрен Мария Заковоротная үлкен жетістікке қол жеткізді.
Ол «Вокал» бағыты бойынша, І жас категориясында өнер көрсетіп, 1 орын иеленіп, лауреат атағына ие болды.
Бұл – оның тынымсыз еңбегі мен шығармашылық қабілетінің нәтижесі.
«Фестивальге Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген жас өнерпаздар қатысып, өз таланттарын ортаға салды. Қазылар алқасының құрамында осы елдердің мәдениет және өнер саласының танымал қайраткерлері бар», – дейді облыстық шығармашылық орталығының директоры Дәмір Қалқаев.
Жас өнерпаздың бұл жетістігі – өңіріміздің мәдени әлеуетінің артып келе жатқанын және талантты жастардың халықаралық деңгейде мойындалып жатқанын айғақтайды.
Қазақ елінің атын аспандатқан өнерпаздардың қатары тағы бір жас дарынмен толықты.
Аяулым Жұмаш халықаралық деңгейде өткен «KG Talant» шығармашылық фестиваль-байқауында вокал номинациясы бойынша жүлделі 3-орынды жеңіп алды.
«Жас әнші бұл жетістікті екінші жас санатында, яғни өз жасындағы қатысушылар арасында көрсетіп отыр», – дейді ол туралы шығармашылық орталығының директоры Дәмір Қалқаев.
Байқау ұйымдастырушылары арнайы диплом, медаль және естелік мүсінмен марапаттады.
Фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейден келген жас өнерпаздар қатысып, өзара бақ сынасты. Қазылар алқасы құрамында халықаралық дәрежедегі кәсіби мамандар болды.
Айбек ЖҮЗБАЙ