Денисов ауданында мүгедектігі бар азаматтар арасында VI облыстық спорт фестивалінің жалауы көтерілді.
Биылғы додаға Қостанай облысының барлық аудан-қалаларынан 170-тен астам спортшы қатысып отыр. Олар спорттың жеті түрінен бақ сынап, өздерінің шеберлігі мен жігерін көрсетпек. 7-9 қыркүйек аралығына жоспарланған фестивальдің алғашқы күні дойбы, теннис және өзге де бірнеше спорт түрінен жарыстар басталып кетті.

Әр істің бастауында негізін қалаушы жандар болады. Сол секілді
аталған фестивальді өткізу туралы тамаша идеяны марқұм Дүйсенғали Оспанов ұсынған еді. Стадионға жиналғандар атпал азаматты бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет білдірді.
Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі, «Жаңа өмір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Дабылов мүгедектігі бар адамдардың спортқа деген ынтасы жыл сайын артып келе жатқанын айтты.

«Іс-шара екі жарым күнге ұласады. Биыл тұңғыш рет Қостанай облысының барлық аудан, қалаларының командалары жиналды. Бұл өте қуантарлық жағдай. Шыны керек, спорт фестивалін мүгедектегі бар азаматтар бір жыл бойы асыға күтеді. Өйткені, олар үшін бұл сайыс ғана емес, көрісіп, сырласып, тәжірибе алмасып, тіл табысатын дәстүрлі алаң іспеттес», – деді ол.
Ауқымды доданы өткізу Денисов ауданына таңдау түскені бекер емес. Себебі, Түйемойнақ өлкесінде мүгедектігі бар азаматтардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалған. Мұндағы нысандар ерекше жандардың емін-еркін жүріп-тұруына сай бейімделген.
Аудан басшысы Руслан Қатпаев бастаған жергілікті атқарушы орган келушілерді ыстық ықыласпен қарсы алуда.

Қатысушылар аудан сыртындағы «Солнечный» лагеріне орналастырылған. Уақытымен тамақ ұсынылып, қолжетімде жерде медициналық көмек қызметі қарастырылған. Дәл осындай ыңғайлы жағдай барлық аудандарда жасалса деген ұсыныс-тілектерін жасырмады қатысушылар.

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Василий Васильев
