Бүгін кішкентай көшет еккен оқушы ертең оның саясында өз балаларына балалық шағын айтып беруі мүмкін. Қостанайда мектеп аулаларын жеміс бағына айналдыру бастамасы осындай ізгі мақсатты көздейді.
«Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында №32 мектептің аумағына алма ағаштары отырғызылып, өңірдегі жасыл бақтардың қатары толықты.
Жеміс ағаштарын егу акциясына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаров, мектеп оқушылары мен педагогтер, сондай-ақ Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің айтуынша, жобаның мәні ағаш егумен шектелмейді. Ең бастысы – жас ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен қоршаған ортаға жауапкершілік қалыптастыру.
«Туған жерге деген сүйіспеншілік құр сөзден емес, нақты істерден басталады. Өз қолыңмен ағаш отырғызу, оған күтім жасау, мектебіңнің аумағын абаттандыру – мұның бәрі туған өлкеңе деген қамқорлықтың нақты көрінісі», – деді ол.
Бүгінде «Менің аулам – менің бағым» жобасы өңірдегі жүзден астам білім беру ұйымын біріктіріп отыр. Олардың қатарында мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары да бар. Бастапқыда 1 000 көшет отырғызу жоспарланғанымен, жобаға қатысушылар бұл межеден асып түсті. Қазірдің өзінде 2 500-ден астам ағаш пен бұта егілген. Оның 2 100-ден астамы – алма ағашы. Сонымен қатар мектеп бақтарында алмұрт, алхоры, шие және өрік ағаштары да өсіріледі.
Жобаның ерекшелігі – мектеп ауласын балалардың білім алып, тәжірибе жинайтын ортасына айналдыру. Оқушылар ағаштардың өсуін бақылап, топырақ пен климаттың өсімдіктерге әсерін зерттей алады. Биология, география және жаратылыстану сабақтарында алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік туады. Яғни мектеп бағы тек жасыл желек емес, оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытатын ашық зертханаға айналмақ. Ал ағаштарға бірлесіп күтім жасау балаларды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және табиғатқа ұқыпты қарауға баулиды. Бұл ретте білім беру ұйымдарының табиғат қорғау мекемелерімен байланысы да нығайып келеді. Мәселен, №32 мектеп пен Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойған.
Акцияға қатысқан оқушылар үшін ағаш отырғызу — жай ғана бір күндік іс-шара емес, өз қолымен жасаған игі ісінің нәтижесін болашақта көру мүмкіндігі. №32 мектептің үшінші сынып оқушысы Диниал Жайсанбекұлы да жеміс көшетін отырғызуға қуана қатысқанын айтты.
«Бүгін өз қолыммен жеміс ағашын отырғызғаныма қуаныштымын. Кішкентай көшетіміз өсіп, мәуелі ағашқа айналсын. Көп жеміс берсін», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша, алдағы бес жылда өңірдегі мектеп бақтарының санын 400-ге жеткізу көзделген. Ал отырғызылатын ағаштар саны 6 мыңнан асуға тиіс.
Дегенмен мұнда басты мәселе – көшеттің санында ғана емес, оның жерсініп, өсіп-өнуінде. Сондықтан әрбір отырғызылған ағашқа педагогтар мен оқушылар тұрақты күтім жасап, оның өсуін бақылауға алмақ.
Бақытжан Нарымбетов бүгінгі еңбектің жемісін келешек ұрпақ көретініне сенім білдірді.

«Бүгін отырғызылған әрбір ағаш – болашақ ұрпаққа қалдыратын игі мұрамыз. Ең қуаныштысы, бүгін ағаш отырғызған оқушылар арада жылдар өткен соң өз балаларын осында ертіп келіп, «Бұл ағашты мен мектепте оқып жүргенде өз қолыммен отырғызғанмын» деп мақтанышпен айта алады», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
