Қос тарихи тұлғаға тағзым: Арқалықта жас ақындар ұлт рухын ұлықтады 

Қос тарихи тұлғаға тағзым: Арқалықта жас ақындар ұлт рухын ұлықтады 

Қалалық мәдениет сарайында қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы мен халық батыры Кейкі Көкембайұлының 155 жылдығына орай «Ұлт рухын көтерген ұлы тұлғалар» атты қалалық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды.

Ұлт тарихында өшпес із қалдырған қос тұлғаның өнегелі өмірі мен тағылымды мұрасын жыр арқауына айналдырған мүшәйраға мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының 17 жас ақыны қатысты.

Жас қаламгерлер өз шығармаларында Ыбырайдың ағартушылық жолын, Кейкінің ерлік рухын жырлап, ұлттық құндылықтарды ұлықтады.

Екі кезеңнен тұратын жыр додасында қатысушылар білім мен ғылымды, елдік пен ерлікті, азаттық пен руханиятты өлеңге қосып, ақындық шеберліктері мен шығармашылық қабілеттерін танытты.

«Бүгінгі мүшәйрамызда ұлт тарихында өшпес із қалдырған қазақтың біртуар тұлғалары – білімнің атасы Ыбырай Алтынсарин мен ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Кейкі Көкембайұлының өнегелі өмірін жас ұрпаққа насихаттап, талантты жас ақындарды қолдауды мақсат еттік. Жыр додасына жиырмаға жуық жас қаламгердің қатысуы – жастарымыздың әдебиетке, ұлттық руханиятқа деген қызығушылығының айқын көрінісі. Әр қатысушы өзіндік ойымен, ерекше қолтаңбасымен көзге түсті. Ұлт рухын ұлықтаған ұлы тұлғалардың мұрасы – ұрпаққа мәңгілік өнеге. Біз үшін ең үлкен жетістік – жастардың тарихи тұлғаларымызды жырға қосып, олардың мұрасын дәріптеуі. Еліміздің руханияты өркендеп, осындай шығармашыл жастарымыздың қатары көбейе берсін дейміз», – дейді қалалық мәдениет сарайының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Лаура Боранбайқызы.

Мүшәйра қорытындысында әділқазылар алқасы үздік өнер көрсеткен ақындарды анықтап, жүлделі орындарды белгіледі.

blank blank blank blank blank blank blank blank

Жыр додасына қатысқан барлық жас ақын арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы