Кітап оқитын қоғам – кемел келешектің кепілі. Бүгінде Қостанай облысында 72 мыңнан астам адамды біріктірген «Оқитын ұлт» республикалық жобасы қарқын алып келеді.
Өңір тұрғындары кітап оқып қана қоймай, оқыған шығармалары туралы пікір білдіріп, алған әсерлерімен бөлісуде.
Осы белсенділіктің нәтижесінде Қостанай облысы жоба аясында республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп отыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дангүл Сүйіндікова баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қостанай облысы белсенді оқырмандық қызмет көрсеткіші бойынша көшбасшылар қатарында. Әсіресе, оқылған кітаптарға уақытылы пікір қалдыру, фото және бейнематериалдар жариялау бағытында өңір тұрғындарының белсенділігі жоғары.
«Қостанай облысында “Оқитын ұлт” республикалық жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде жобаға 72 мыңнан астам адам қатысып отыр. Қазіргі таңда Қостанай облысы белсенді оқырмандық қызметі бойынша бірінші орында. Бұған оқыған кітаптарына уақытылы пікір білдіру, фото және бейнематериалдар жариялау сияқты белсенділіктер дәлел», – деді Дангүл Сүйіндікова.
Расында, кітап оқу – жай ғана бос уақытты тиімді өткізу емес. Ол адамның дүниетанымын кеңейтіп, сөздік қорын байытады, ойлау қабілетін дамытады. Әсіресе, бүгінгі ақпарат ағыны күшейген заманда өскелең ұрпақтың кітапқа жақын болуының маңызы зор. Өйткені оқығанын түсініп, оған өз көзқарасын білдіре алатын ұрпақтың таным көкжиегі де кең болмақ.
Жобаға қатысушыларды ынталандыру мақсатында жалпы 30 миллион теңге көлемінде жүлде қоры қарастырылған. Атап айтқанда, бірінші орын иегеріне 600 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі.
Дегенмен, мұндай бастаманың шынайы құндылығы тек жүлдемен өлшенбейді. Ең маңыздысы – адамдардың кітап оқуға уақыт бөлуі, оқығанын талқылауы, өзара пікір алмасуы. Бір адамның кітапқа деген қызығушылығы тұтас отбасына, одан әрі қоғамға әсер етуі мүмкін.
«Жобаға қатысу арқылы біз кітап оқуды насихаттап қана қоймай, оқырмандық сауаттылық пен оқу мәдениетін дамытамыз. Сондықтан баршаңызды жобаға белсенді қатысуға, кітап оқуға шақырамын», – деді басқарма басшысының орынбасары.
Қостанай облысының 72 мыңнан астам тұрғынын біріктірген бұл бастама – кітапқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған ортақ қадам. Бүгін қолға алынған оқу мәдениеті ертең білімді, ізденімпаз әрі рухани бай ұрпақ қалыптастыруға негіз болмақ.
«Өткен жылмен салыстырғанда, юиыл жоба сегіз бағытты қамтиды. Олар – «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын әулет» және биыл қосылған «Зияткер», конкурстан тыс «Парасат» бағыттары. Жобаға білім беру саласымен қатар, құқық қорғау, банк, өндіріс және басқа да сала өкілдері қатысып жатыр. Бұл түрлі кәсіп иелерін біріктіретін құндылық екенін көрсетеді», – дейді жобаның өңірлік үйлестірушісі Надежда Сражатова.
Бастаманың басты мақсаты – кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және білімді, ой-өрісі кең қоғам қалыптастыру.