Ол туралы Жангелдин ауданының әкімі Дінмұхамед Бидашев өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Жангелдин ауданының 2025 жылғы 10 айындағы әлеуметтік- экономикалық дамуының қорытындылары және алдағы мақсаты туралы айтып берді.
Бүгінгі күнге аудан бюджеті 7 миллиард теңгеден асып отыр. Соған сәйкес, салық түсімдері де артты. Аудан экономикасына құйылған инвестиция көлемі де еселеніп келеді.
Жеке қаражат есебінен тартылған инвестицияның басым үлесі ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуға, тұрғын үйлер құрылысына, шаруа қожалықтарындағы қора-жайлар салуға, инфрақұрылымды дамытуға бағытталды.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруға және жалпы аудан экономикасын нығайтуға ықпал ететіні белгілі.
«Жыл басынан бері 13 жұмыс орнын құрумен және инвестиция салумен 5 жаңа кәсіпкерлік нысаны іске қосылды. Оның ішінде: 2 қоғамдық тамақтану объектісі «Аяла» кафесі және «Тұмар» мейрамханасы бар. «Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту» бағдарламасы Ұлттық жоба аясында мемлекеттік гранттың конкурсының жеңімпазы 1 көпсалалы өнер орталығы, сонымен қатар 20 орындық қонақ үйі, «Береке» азық түлік дүкені жұмыстарын бастады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында жұмыссыздықты төмендету, жаңа бизнес идеяны жүзеге асыру мақсатында, әлеуметтік осал топтар қатарына жататын азаматтарға мемлекеттік гранттар берілді. Олар: ірі-қара мал шаруашылығы, шағын қонақ үй қызметі, балық шаруашылығы, жұмсақ жиһаз өндіретін шағын цех, сапалы саман кірпішін шығару, кондитерлік өнімдер пісіру және өзіне-өзі қызмет көрсететін автокөлік жуу орнын ашуға үкімет тарапынан қаржылай қолдау алды», – деді аудан әкімі Дінмұхамед Бидашев.
Ауылшаруашылық саласында өсім байқалады. Өсіріліп отырған ірі қара малды тұқымдық түрлендіруге шаруашылықтар жақсы бетбұрыс жасап, барлық санаттары бойынша аналық бастың 10 мыңға жуығы немесе 40 пайыздан астамы тұқымдық түрлендіруге қатысып келеді, оған мемлекет тарапынан 86 миллион теңге субсидия төленді.
Сонымен қатар, шаруа қожалықтары жылма-жыл ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағдарламаларын жақсы қолданып келеді.
Бұл ретте «Жеңілдікті лизинг», «Қазақстанда жасалған» және «Өз жем-шөбім» бағдарламалары тиімді болып отыр.
Жыл басынан бері аталған бағдарламалар аясында 2 комбайн, 9 фронталды жүктиегіш, 1 экскаватор, 35 дана дөңгелекті тракторлары сатып алынған.
Брифингте аудан басшысы инфрақұрылым, сумен қамту, жарықтандыру, байланыспен қамтамасыз ету қызметтерінің барысы туралы да кеңінен қаузады.
«Елді мекендерді сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз ету мақсатында Бидайық, Саға, Құмшық елді мекедері Билайн байланыс желісі, 4G мобильді интернет желісі орнатылды. Бүгінгі күнге Милісай ауылы ғана ұялы байланыс пен қамтылмаған. Байланыс сапасы нашар Сарысу ауылына 2025 жылы жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан өткізілді, оны 2026 жылы жүзеге асырамыз. Сонымен қатар, 2025 жылы Шеген ауылына жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамту мақсатында талшықты – оптикалық байланыс желісі жүргізілді, іске қосуды 30 қарашаға дейін қабылдаймыз. Оған қоса мобильді интернет жылдамдығы төмен Милісай және Шилі ауылдарында қыркүйек айында Старлинк интернет жүйесі орнатылды. Шилі ауылына 39 абонентке, Милісай ауылына 38 абонентке орнатылды», –деді аудан әкімі Дінмұхамед Бидашев.
Әкім орайы келгенде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында қолға алынып жатқан жұмыстарды да кеңінен тарқатты.
Жалпы, Жангелдин ауданының 2025 жылғы 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң қарқынға ие. Дегенмен, бірқатар салаларда шешімін күткен мәселелер әлі де баршылық. Аудан басшысының айтуынша алдағы кезеңде негізгі күш экономиканы әртараптандыруға, инвестициялар тартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталады.
Мұрат Жүнісұлы
