Жаңа бетбұрыстар мен тың бастамаларға толы

Жаңа бетбұрыстар мен тың бастамаларға толы

Бұл жолғы Ұлттық құрылтайдың мәні терең, жаңа бетбұрыстар мен тың бастамаларға толы болды. Мемлекет басшысының ауқымды баяндамасында еліміздің даму бағытын айқындайтын ірі реформалар мен жаңашылдықтар, халықтың көкейінде жүрген көптеген түйткіл, қоғам пікірін тудырған мәселелер қамтылды. Солардың біршамасына ой жүгірте өтейін.
Әуелгі назар бұрдырғаны – Парламенттік реформалар. Президентіміз алдағы уақытта бір палаталы жаңа Парламент құру тұрғысында кеңінен ақпарат берді. Мәселен, Қасым-Жомарт Кемелұлы болашақ Парламентті «Құрылтай» деп атауды ұсынып отыр. «Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын», – деді бұл жөнінде өзі. Бұдан бөлек, депутаттар санына қатысты мәселе де қызу пікірталас туғызғанын айта келіп, бұл жөнінде де кесімді пікірін айтты. Рас, мәселе санда емес, сапада. Жаңа Парламенттің мандат саны 145 деп белгіленді. Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспайды. Депутаттардың партиялық тізім бойынша сайланатыны да ескертілді. Жалпы, бұл елімізді үлкен саяси өзгерістердің күтіп тұрғанынан хабар береді.
Бұдан соң ішкі саясаттағы идеология мәселесі тілге тиек болды. Үкіметтің жұмысына қатысты сын да айтылды, негізді бағаланған тұстары да болды. Ат-жөнсіз мақтау да, даттау да дұрыс емес, әркім ел алдындағы жауапкершілік жүгін сезінуі керек деген байлам жасалды.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген аталы сөзді ұғындыратын пайымды пікірлер де көңілге қонымды. Өйткені әлемнің тұрақсыз, аумалы-төкпелі күй кешіп отырғаны кім-кімге де аян дүние. Ал бұл етегімізді қымтап ұстап қана қоймай, ел ішіндегі ауызбіршілігімізді бекемдей түсуді талап етеді. Осыдан келіп жас буында отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің маңызы арта беретінін түсінеміз. Патриотизм жөнінде де Президенттің қозғаған ой-пікірі құнды дей аламыз. Рухани құндылықтарымызға, рәміздерімізге деген қастер-құрмет жасампаз ұлт ретінде қалыптасуымыздың бір сатысы екені сөз етілді.
Мемлекет басшысы Заң мен тәртіп мәселесіне де тоқтала өтті. Заң үстемдігін мығымдай түсу үшін Конституциялық сот бекітілгені, азаматтар құқығын қорғауды жетілдіре түсетін жаңа өзгерістер қолданысқа енгенін, әлі де жалғаса түсетіні баян етілді. Осы ретте таяуда ғана елді дүрліктірген оқиға – шымкенттік бойжеткеннің кісі қолынан қаза табуы да Президент назарынан тыс қалмады. Құрылтай алдында осыған қатысты халықтан 130-дан астам өтініш келіп түскенін айта келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы «дәстүр» атын жамылған жабайы қылмысты қатты айыптай сөйледі. Осы істің аяқсыз қалмауы, әділ шешімін табуы, қаскөйдің лайықты жазасын алуы үшін арнайы тапсырма бергенін жеткізді ол. Шынымен де, мұның өркениетті, құқықтық мемлекет құру мұратына көлеңкесін түсіретіні – айдан анық ақиқат.
Негізі, талдап-тармақтай берсек, мазмұнды баяндаманың әр бөлігінен тұшымды мән тауып, кез келген салаға қатысты айтылған пайым мен тұжырымдарды тізбектей беруге болады. Бір анығы, Президенттің осы құрылтайда сөйлеген сөзінде қайтадан зер салып, саралап, астын сызып қарайтын жерлер көп. Мәтін нұсқасына екі-үш рет айналып соғып, жете зерделеп, салмақтап, тарқата талдауымыз керек. Тағы бір ерекшелігі, Мемлекет басшысының осы құрылтайдағы үндеу сөзінен еліміздің барлық тұрғыны өзіне керегін таба алады деп сеніммен айтуға болады.

Серік Бектұрғанов,

Қостанай облыстық Қоғамдық Кеңес төрағасы,

Ұлттық Құрылтай мүшесі