Ұлттық құрылтай: тарихы терең институттың жаңғыруы

Ұлттық құрылтай: тарихы терең институттың жаңғыруы

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен құрылған Ұлттық құрылтай бүгінде ел болашағын анықтайтын, маңызды шешімдер қабылдайтын басты платформаға айналды. 2026 жылғы қорытынды отырыста тарихи мұра мен заман талабын ұштастырған бұл институт деңгейі одан әрі көтеріліп, жаңа нысанда жаңғырды.

Тарих пен заманауи тренд сабақтастығы

Ұлттық құрылтай бастамасы — Қазақстанның саяси өзгеріс жолындағы жаңа қадамы. 2022 жылғы 14 маусымдағы Президент Жарлығымен пайда болған бұл орган бұған дейінгі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің трансформациясы саналады. Құрылтайдың алғашқы отырысының киелі Ұлытауда өтуі — тарихи сабақтастықтың нышаны. Келесі отырыстардың еліміз үшін қастерлі Түркістан, Атырау және Бурабай өңірлерінде ұйымдастырылуы тарихи және рухани маңыздылыққа ие.

Әрбір құрылтай отырысы қордаланған мәселелерді әшкерлеу арқылы ел дамуына серпін берген нақты шешімдермен есте қалды:

  • Ұлытау (2022): Алғашқы отырыста 117 мүшеден тұратын жаңа органның жұмысы басталып, Президент 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы тарихи бастама көтерді. Басты приоритет – экономикалық реформалар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар және әлеуметтік бірлікті нығайту деп айқындалды.
  • Түркістан (2023): «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасы негізге алынып, қоғамдық этиканың жаңа стандарттары белгіленді. Кітап шығару және ұлттық тәрбие мәселелеріне басымдық берілді. Қоғамдық бақылау механизмдерін күшейту және алдыңғы мақсаттардың орындалуы туралы есептерді қарауға мән берілді.
  • Атырау (2024): Қоғамды іштен ірітетін «бес кеселге» (нашақорлық, лудомания, вандализм, тұрмыстық зорлық-зомбылық және ысырапшылдық) қарсы жалпыұлттық күрес басталды. Осының нәтижесінде құмар ойындарға шектеу қоятын және оған тәуелділерді оңалтуды көздейтін заң жобасы қабылданды.
  • Бурабай (2025): Жасанды интеллект, цифрлық болашақ және экологиялық мәдениет мәселелері талқыланып, елдің технологиялық даму бағыты нақтыланды. 53 шара және 10 заң жобасын қамтитын іс-қимыл жоспарын қабылдап, адам әлеуетін дамыту және ірі инфрақұрылым жобалар мақұлданды.

 

Мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың жаңа кезеңі

V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар Қазақстанның саяси жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын көрсетті. Бұл шешімдер қоғамда кең талқыланып, елдің болашақ даму траекториясын айқындайтын маңызды институционалдық өзгерістер ретінде бағалануда. Әсіресе бірпалаталы парламентке көшу, вице-президент және Халық кеңесі институттарын енгізу жөніндегі ұсыныстар мемлекеттік басқару моделін дамытудың өзегі болып отыр.

Бір палаталы «Құрылтай» заң шығару жүйесін оңтайландырып, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазіргі қос палаталы Парламент тарихи кезеңде өз миссиясын атқарды, алайда қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда ықшам әрі тиімді парламент қажет екені айқын сезіледі. Бірпалаталы парламент жауапкершілікті нақтылап, саяси партиялардың электоратпен жұмысын белсенді әрі жүйелі жүргізуге алғышарт болмақ.

Жаңа парламентке «Құрылтай» атауын беру – тарихи сабақтастық пен заманауи мемлекеттік басқаруды ұштастыратын оң шешім. Бұл – ұлттық саяси мәдениетке тән «кеңесу, келісу және ортақ мәмілеге келу» дәстүрін институционалдық деңгейде бекіту деген сөз. Мандаттар санының 145-ке, 8 комитетке ықшамдалуы парламент жұмысының сапасына басымдық берілетінін көрсетеді.

Осы реформалармен қатар, Президенттің Халық кеңесін құру жөніндегі бастамасы қоғам мен билік арасындағы конструктивті диалогті жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиясы аяқталып, олардың тәжірибесі негізінде жаңа, конституциялық мәртебесі бар консультативтік орган құрылуы – саяси жүйенің эволюциялық дамуының айқын көрінісі.

Сонымен қатар вице-президент институтын енгізу туралы бастама саяси тұрақтылық пен биліктің сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады. Бұл Президентке бағынатын белгілі бір өкілеттілікке ие, яғни Парламентте Президент мүдделерін, ел атынан халықаралық іс-шараларда қатысу мен шетелдік делегациялармен келіссөз жүргізу көзделеді.

Бұл шешім және Құрылтай депутаттарының пропорционалдық жүйе бойынша сайлануы биліктің заңдылығы мен халық еркіне сүйену принципін күшейтеді.

Санжар Мирасбеков,

Мемлекеттік басқару академиясы филиалының аға оқытушысы