Жаңа Ата заң жобасы түсіндірілді

Жаңа Ата заң жобасы түсіндірілді

З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің студенттер үйінде «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» өңірлік коалиция мүшелерінің оқу орнының педагогикалық ұжымы мен студенттерімен кездесуі өтті. Іс-шара республикалық референдум қарсаңында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында қатысушыларға негізгі заң жобасының негізгі ережелері таныстырылып, оның елдің одан әрі дамуына, демократиялық институттарды нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға қосатын үлесі туралы айтылды. Айтулы шараға өңірлік коалиция мүшелері Алмат Досмұхамедов, Жанар Куйшинова, Гүлмира Қапенова, Қадырғали Жаманбалин және Аружан Сәрсенбаева қатысты.

blank

Жанар Куйшинованың айтуынша, жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, отбасы институтын нығайтуға және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған.

blank

– Жаңа Конституцияда неке ұғымының нақты бекітілуі халқымыз үшін маңызды. Өйткені отбасы – тек жеке кеңістік емес, қоғамның негізі. Неке мемлекет тіркеген, ерікті түрде құрылған және тең құқықты ер мен әйелдің одағы ретінде айқындалады. Бұл норма өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарға жат идеялардың ықпалынан қорғауға бағытталған. Сонымен қатар Конституцияда әлеуметтік мемлекет қағидатына ерекше мән берілген. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсету, мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау, зейнетақы мен жәрдемақы жүйесін жетілдіру мәселелері қарастырылған. Бұл әсіресе ауылдағы әйелдерге, көпбалалы аналарға және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты қолдау болмақ, – деді ол.

Сондай-ақ Конституция жобасында қауіпсіздік ұғымына ерекше мән берілгені айтылды. Қауіпсіздік – әр азаматтың құқықтарын қорғаудың негізгі кепілі. Әсіресе баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі, сапалы білім алуы, денсаулығының қорғалуы және зорлық-зомбылықтан қорғалуы маңызды екені атап өтілді.

blank

Қадырғали Жаманбалин өз сөзінде биылғы жылдың Жасанды интеллект жылы ретінде жарияланғанын атап өтті. Ол Конституция жобасында білім мен ғылым саласына ерекше басымдық берілгенін айтып, жастарды алдағы референдумда өз таңдауларын жасауға шақырды.
Ал Гүлмира Қапенова студенттермен сұрақ-жауап форматында пікір алмасып, өз ұстанымын білдірді. Ол ел болашағы жастардың қолында екенін атап өтіп, олардың белсенді азаматтық ұстанымы қоғам дамуы үшін маңызды екенін жеткізді.

blank

Кездесу соңында оқытушылар мен студенттер талқыланған тақырыпқа қызығушылық танытып, спикерлерге сұрақтар қойып, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері бойынша жауап алды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ