Қостанайда мерекелік іс-шараларды өткізуге арналған ауданы алты гектар болаты алаң пайда болуы мүмкін. Көп функционалды кеңістік Колесные ряды ауданының аумағында құрылмақ.
Бұл жерді концерттер, форумдар және басқа да бұқаралық жиындар өтетін орын ретінде, ал қалыпты күндері саябақ ретінде пайдалану ұсынылуда.
Әзірге бұл ой жан-жақты зерделеніп жатыр. Идеяны өткен дүйсенбілік аппарат кеңесінде қала әкімі Марат Жүндібаев хабарлаған-ды. Колесные ряды аумағына назардың түсуі бекер емес. 2024 жылы Тобыл өзені тасып, бұл маңайды су алды. Тасқыннан кейін су басқан жерлерді қазір мемлекет меншігіне сатып алу жұмысы жүруде. Ауданы шамамен 5-6 гектарды құрайтын жерді келешекте тиімді пайдалану жоспарланып отыр. Қала басшысының айтуынша, бас жоспарда бұл аумақ демалыс аймағы ретінде белгіленген. Алайда оны толығымен тас төселген кең алаңға айналдыру жоспарланбаған.
«Бұл жер ауқымды жиындар, соның ішінде балалар, ересектер іс-шаралары мен форумдар өткізуге, қала күнін тойлауға қолайлы кеңістік, жасыл желекке толы саябақ болуы тиіс. Аумағы жасыл желекпен көмкеріліп, орындықтар мен жарықтандыру жүйесі қарастырылуы қажет»,-деп атап өтті қала әкімі Марат Жүндібаев.
Шаһар басшысының айтуынша, жаңа аумақтың көлемі облыс әкімдігі алдындағы орталық алаңнан бес есеге үлкен. Бүгінде қаладағы маңызды мәдени-бұқаралық іс-шаралардың көпшілігі орталық алаңда өтіп жүр. Алайда, халық санының өсуіне және қалаға меймандардың көбірек келуіне байланысты бұл жер кейінгі кездері таршылық етіп жүргені рас.
Бір ғана қала күні мерекесінде орталық алаңның сахнасына беттеу мүмкін емес. Сол себепті алдағы уақытта Колесные ряды ауданы аумағындағы, шамамен, алты гектарлық жерді жаңа алаңға айналдыру көзделуде.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Фото авторы Василий Васильев
