Ұлы аманаттың ұясы

Ұлы аманаттың ұясы

Торғайдағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов музейі – Алаштың арман-мұратын, ұлт тарихы мен рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізген тағылымды мекен.

Қостанай облысындағы ең ірі әрі бірегей музейлер кешені саналатын рухани ордада ел тарихының елеулі кезеңдері мен Алаш арыстарының өмір жолына қатысты құнды жәдігерлер жинақталған.

Бүгінде Торғай музейінің тарихи-мәдени мұрасы республика көлемінде кеңінен танылып, оның маңызы өңір шеңберінен әлдеқайда асып отыр. Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында ұлт ұстазының өнегелі ғұмыры мен музей қорындағы бірегей жәдігерлерге тағы бір мәрте назар аудардық.

Музей тарихы мен оның баға жетпес мұрасы туралы Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекей әңгімелеп берді.

Халық қаржысына ашылған музей
Музейдің дүниеге келуінің өзі бөлек әңгіме.

Сол тұста халықтың жайы белгілі, нарықтық заман, елдің еңсесі төмен. Соған қарамастан Алаштың қос арысы ақталғаннан кейін Торғайдағы 15 кеңшардың халқы өз қалтасынан қаржы жинап, қабырғасына қилы тарихтың жаңғырығы сіңген көне үйді көп болып қайта жөндеп, үлкен музейге айналдырыпты.

«Ақсақалдар малмен, зейнетақымен берді, ал аудан тұрғындары,  мұғалімдер мен жұмысшылар бір күндік еңбекақысын аударды. Біреу түйесін, біреу биесін, біреу ешкі-лағын берсе, енді біреу елу сом ақшасын беріп, сол кезде тозыңқырап қалған осы ғимаратты халықтың өзі мемлекеттен бір тиын алмай, қайта жаңартып, үлкен музейге айналдырды. Музейге қойылған дүниелер де елден жиналды», – дейді музей директоры Гүлбану Сәрсекей.

Торғай өңіріндегі сол кездегі ауылдар мен шаруашылықтардың тұрғындары ортақ іске атсалысып, музей ғимаратын қалпына келтіруге, құрылыс және жаңғырту жұмыстарын жүргізуге өз үлестерін қосты. Кейін музейді кәсіби тұрғыда жасақтау мақсатында сол кездегі «Қазмузейреставрация» орталығының мамандары шақырылып, көрме залдарын безендіру мен жәдігерлерді орналастыру жұмыстары жүргізілді.

Музейдің басты ұстанымы Ахмет Байтұрсынұлының жоғын түгендеу еді. Осы ұстанымды музей қызметкерлері жылдар бойы талмай жалғап, ғылыми ізденіс жүргізіп, Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығына қатысты құжаттар мен жәдігерлерді жинақтап келеді. Құнды дүниелердің біразын музейге Шолпан апай тапсырса, енді біразы жергілікті жұрт жылдар бойы қастерлеп сырт көзден тасада ұстап, тұмардай сақтап, осы күнге дейін аман-сау жеткізген. Сондықтан Ахмет музейі бір күннің емес, бірнеше жылдың, елдің таза ниетінің, маңдай тердің жемісі.

Алпыс жыл жасырылған қос кітап
Музей қорындағы ең құнды жәдігерлердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлының қос кітабы. Кітаптардың тарихы ерекше.

blank

Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы туған жері Ақкөлге келген кезінде өзімен бірге алып келген кітаптарын ауыл ақсақалы Ерден Сұмағұловқа табыстап кеткен деген дерек бар. Кейін Алаш арысы қуғын-сүргінге ұшырап, 1929 жылы тұтқындалып, одан кейінгі жылдары оның тағдыры ауыр сынаққа толы болды.

blank

Ахметтің кітаптары ел ішінде сақталып, кейін оны киізге орап, Ақкөлдің жағасына көмген. Осылайша қос кітап шамамен 60 жыл бойы жер астында сақталған. Ел ішінде «Пәленшенің үйінде Ахметтің кітабы бар» деген әңгіме айтыла бастаған. Ақыры музей ашылар тұста құнды жәдігерлер сол кездегі музей директоры Ғазиз Әмірханұлына тапсырылып, музей қорына қабылданған.

«Ғасырдан астам тарихы бар кітаптар музейдің ең қастерлі жәдігерлерінің қатарында. Олардың құндылығы – тек басылым ретінде сақталуында емес. Кітап беттерінде Ахмет Байтұрсынұлының қолының табы, саусақ іздері қалған. Ұлт ұстазының өз қолымен ұстаған, оқыған, пайдаланған дүниесі. Тоқсаныншы жылы қолында киізге ораған заты бар Ерден Смағұлов ақсақал музейдің сол кездегі басшысы Ғазиз Әмірқанұлына кіріп кетті. Сәлден соң Ғазиз ағайдың «Балалар, бері келіңдер, тез жетіңдер!» деген қуанған даусын естіп, біз де жиналып қалдық. Сөйтсек, Ерден ақсақал Ахмет атамыз Бәдрисапа анамызды алып келген жылы елге тарту етіп қалдырған, өзі алпыс жыл бойы жерге көміп сақтап келген «Қырық мысал» мен «Маса» кітабының түпнұсқасын әкеп тапсырып тұр екен. Мұның сыртында, 1991 жылы 8 маусымда музей ашылғанда сонау Алматыдан арнайы келген Гүлнар апамыз әкесі Міржақыптың дүниесімен қатар, Ахаңның төрт кітабының түпнұсқасын тәбәрік етіп қалдырған еді. Ахаңның туыстарынан қолтаңбасымен алынған Ташкенттен шыққан тіл ғылымдары туралы оқулығының да түпнұсқасы тұр. Жалпы, біздің музейде Ахаңның 7 түпнұсқа кітабы бар», – дейді Гүлбану Сәрсекей.

Ақаңның патепоны сақтаулы
Торғай музейлер кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекейдің айтуынша, музейдің ерекшелігі – жәдігерлерді жай ғана экспонат ретінде көрсетіп қоймай, олардың әрқайсысының тарихын келушіге жеткізу.

blank

Ахаңның өмірі туған жерінен басталып, ағартушылық қызметі, ақындық және аудармашылық қыры, журналистикадағы еңбегі, сазгерлігі, отбасы, қуғын-сүргін жылдарындағы тағдырына дейін қамтылады.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, Ахметтің өнерге жақындығы да музейдегі жәдігерлер арқылы көрініс табады. Ол кәсіби музыкант болмаса да, музыкаға ерекше ықыласты болған. Күйсандықта ойнаған, скрипкада ойнаған деген деректер сақталған.

Оның күйсандығы Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музейінде сақталса, Ахметтің домбырасы Қызылордадан табылып, реставрациялауды қажет ететін күйде музей қорына жеткізілген. Мұндай дүниелер – ұлт ұстазының болмысын жан-жақты тануға мүмкіндік беретін баға жетпес жәдігерлер.
Отбасылық өмірінен сыр шертетін бұйымдар
Айта кеткеніміздей музейдегі әрбір заттың өзіндік тарихы бар. Солардың бірі – Ахметтің жары Бәдрисафа мен отбасы пайдаланған тұрмыстық бұйымдар. Ахметтің қызы Шолпан апаның тапсырған жез легені де музей қорында сақтаулы. Ол қарапайым тұрмыстық зат болғанымен, Ахметтің отбасылық өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерге айналған. Сондай-ақ Ахметтің шаңырағында тұрған айнасы бар сәнді айналы тумба да музейде тұр.

Музей қоры жыл өткен сайын жаңа құндылықтармен толығып келеді. Соның бірі – Ахмет Байтұрсынұлының айдауда болған кезеңіне қатысты жәдігерлер.

1929 жылы тұтқындалып, Архангельск өңіріне айдалған Ахметтің кейін денсаулығына байланысты еңбекпен түзеу колониясында болғаны белгілі. Сол кезеңде тұрған үйге қатысты тұрмыстық заттардың бірқатары осыдан бірер жыл бұрын  Ахметтің жүрген ізімен барған экспедицияда Ибрагим Ағытаев пен Абылай Маудановтың әкелген заттары еді. Олардың бірі алаш арысы қолданған шоқ үтік. Ол да қазір музей төрінде.
Тұлғаны тану бр күннің еншісі емес
Ахмет Байтұрсынұлының туған күні ұлт ұстазын еске алатын ерекше күн. Алайда оның мұрасын бір күндік іс-шарамен шектелмейтіні белгілі. Торғайдағы музейдің негізгі мақсаты да Алаш арысының өмірі мен қызметін келушілерге жан-жақты таныту. Мұнда балабақша тәрбиеленушілерінен бастап мектеп оқушыларына, студенттер мен ересек келушілерге дейін экскурсиялар, дәрістер, қойылымдар және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.Соңғы жылдары жаңа мәліметтермен, жәдігерлермен толығып келеді.

«Әрине, тұтас бір халықтың тіл білімінің негізін қалап, оның ғылыми жүйесін жазып шығу оңай емес. Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы қиындыққа толы болды. Соған қарамастан, ол артында өшпес мұра қалдырды. Біз оның қалдырған мұрасын көздің қарашығындай сақтап отырмыз. Сақтап қана қоймай, музейге келген әрбір жанға жеткізуге тырысамыз.  Ол біз үшін үлкен құрмет әрі міндет», – дейді Гүлбану Сәрсекей.

Музейге келген турист немесе туған жер тарихына қызығушылық танытқан кез келген адам Ахметтің тек Торғайда туған перзент емес, ұлттық тұлға ретінде қалыптасқанын танып білуге мүмкіндік алады. Өйткені музейдегі әр жәдігердің артында бір тарих, әр кітаптың ішінде бір тағдыр, әр құжатта бір дәуірдің ізі жатыр.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА