Қарасу ауданының Жалғысқан ауылында үш көше жөнделді

Қарасу ауданының Жалғысқан ауылында үш көше жөнделді

Қарасу ауданында автокөлік жолдарының сапасын жақсарту мақсатында бірнеше жоба жүзеге асуда. Солардың бірі Жалғысқан ауылында нәтижелі аяқталды.

Аталмыш елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен Юбилейная, Павлов, Рабочая көшелеріндегі авткөлік жолдары жөнделді. Жобаның мердігері «Элит Пласт Строй» ЖШС.

Бұл көшелердің асфальттары ертеректе, 1978 жылы төселген. Содан бері арада талай заман өтті. Отыз жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген  көшелер биыл қалыпқа келтіріліп отыр. Юбилейная көшесінің ұзындығы 0,325 км, Павлов көшесінің ұзындығы 1,89 км, ал Рабочая көшесі 0,717 шақырымға созылып жатыр.

Жауын-шашын мүжіп, техника таптаған жолдың тозығы жетіп, асфальты әбден ескірген еді. Биыл мемлекеттік бағдарлама арқылы 218,8 млн теңге бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Жуырда құрылыс жұмыстары сәтті аяқталып, ауыл ішіндегі жол қолданысқ аберілді. Бұл игі іс – осы ауылда жүзеге асқан алғашқы ауқымды жоба екенін еске саламыз.

– Ақжолтай жаңалықты көптен күттік. Жөндеу жұмыстарының арқасында Юбелейная көшесіндегі орталық алаң жаңарып қалды. Алдағы уақтта барлық мерекелік іс-шаралар сол жерде өтетін болады. Павлов көшесінде Жалғысқан жалпы білім беретін мектебі орналасқан. «Көшелерді орташа жөндеу» жобасының жүзеге асуы арқылы мектеп маңайындағы инфрақұрылым жақсарып, оқушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Мектеп жанынан үлкен көлік тұрағы жасалып, жол бойына ескерту белгілері мен жасанды кедергілер орнатылды. Жаңартылған жолдар тұрғындар үшін жайлылық пен қозғалыс қауіпсіздігін арттырады,-деді Жалғысқан ауылының әкімі Ирина Лебухова.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті жолдаған – Ирина Лебухова