Қостанай қаласындағы қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесіне және қызмет көрсету сапасына қатысты сын айтылып жүр.
Осы олқылықты жою мақсатында жергілікті әкімдік «ALEMPAY» ЖШС және жолаушылар көлігі қауымдастығымен келісім жасап, қаладағы қоғамдық көліктерге мониторинг жүргізді. Нәтижесінде автобустар кестесінен кемшіліктер анықтапты.
ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсеновтың айтуынша, № 13 («Бруннер» ЖК) пен № 18 маршруттарының қозғалыс бағыты бір-біріне ұқсас. Бірақ, жол жүру қашықтығы әртүрлі. Мысалы, № 13 маршрутта 12 автобус бар. Бұл бағыттың ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Оңтайландыру аясында бес автобусын қысқартты. № 18 маршруттың ұзындығы 35 км. Мұнда бар-жоғы тоғыз автобус қызмет көрсетеді. Бұл маршруттың бір автобусын қысқартты.
«Автобустарды оңтайландыру арқасында № 13 маршрутты пайдаланушылар 163,8 мың адамға төмендеп, № 18 маршрутқа мінетіндер саны 184,8 мың жолаушылға дейін ұлғайды. Осыған ұқсас жағдай № 2 («Брунер А.В» ЖК) және № 24 («Жарық жол» ЖШС) маршруттарда байқалды. Олардың әрқайсысынан 1-2 автобустан алып тастадық. Нәтижесінде артық автобустар қысқарып, қозғалыс кестесі ретке келді», – деді ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов.
Осы салада бірыңғай тәртіп орнату үшін автобустардың қозғалыс кестесін кезең-кезеңімен реттеу басталыпты. Бірінші кезеңде 14 маршруттың (№2, 3, 8, 10, 11, 12, 13, 18, 19, 21, 24, 25, 27, 120) жүру уақыты қаралған. Тұрғындар көбірек пайдаланатын маршруттардың кестесін (№3,10,25,27) таңертең, кешке және түскі ас сияқты қарбалас уақытта оңтайландыру мүмкін болмапты. Қалған маршруттар үшін қарбалас уақыттағы қозғалыс аралығы 15 минут деп белгіленді. Басқа маршруттардың қарбалас уақыт аралығындағы қозғалыс интервалы 20-30 минутқа дейін ұлғайды.
«Таңертең және кешкі уақытта автобус іші лық толады. Бұл жағдай барлық үлкен қалаларда бар. Қозғалыс интервалын қысқарту арқылы жолаушыларға жайлы жағдай жасау қажет. Қалалықтар ұзақ уақыт автобус күтіп әбігерге түспеуі тиіс. Барлық жерде, әсіресе бюджет қаражаты салынған жерде тәртіп болуы тиіс», – деген қала әкімі Марат Жүндібаев шағынаудандарды байланыстыратын бағыттарға көбірек көңіл бөлуді тапсырды.
ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жыл соңына дейін, жаңадан бой көтерген шағынаудандарға қатынайтын маршруттар желісін одан әрі дамыту жөнінде ұсыныс әзірлеу керегін еске салды.
Тұрғындар көп шоғырланған және жаңадан бой көтерген шағынаудандарға қатынайтын маршруттар қосымша автобустармен толықты.
Олар: «Аэропорт» шағын ауданы бағытындағы № 3 маршрут, «Береке», «Алтын арман», «Юбилейный» шағынаудандарына қатынайтын №10 және № 38 маршруттар, «Қонай» шағын ауданына баратын № 103 маршрут, «КСК» шағын ауданына қарай жүретін № 19 маршруттың әр қайсысына қосымша бір-бір автобустан қосылды. Барлығы бес автобус үлестірілді.
«№5, 21 маршруттарда көлік санын көбейтпей-ақ қозғалыс интервалын қысқарту жұмыстары жүргізілді. Осылайша жолаушылар автобусты ұзақ күтіп тұрмай, баратын жеріне тезірек жететін болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде оң динамика байқалуда. Маршруттардың бәрі бекітілген қозғалыс кестесін дәл сақтаса, жолаушыларға да қолайлы болары анық. Автобустар қала ішінде жартылай бос жүрмеуі керек. Ол дегеніміз ресурсты мақсатсыз пайдаланға апарып соғады. Кез-келген уақытта салон іші толық болуы тиіс. Осы мақсатта біз қозғалыс кестесін ретке келтірудеміз», – деді Нұрдәулет Бейсенов.
Бүгінде Қостанайда қала ішінде жүретін және қала сыртына қатынайтын 38 маршрут бар. Оның 20-сы қалалық маршрут, 18-і қала сыртына жүретін маршрут. Күн сайын 186 автобус желіге шығады.
Қымбат Досжан
