Иә, Қамысты селосына өңірдің тарихи жәдігерлерін сақтайтын музей керек-ақ. 2020 жылы ауданның 65 жылдық мерейтойы қарсаңында тұрғындар осындай маңызды мәселе көтерген еді.
Бес жыл өтсе де, осы жұмыс қолға алынбай келеді. Бұл жағдай сол кездегі облыс әкімінің халықпен кездесуінде талқыланып, жергілікті билікке аудандық музей құру туралы тапсырма берілген болатын. Осылайша, өлкетанушы әрі фотограф Ермұрат Бекмұхамедовтің бастамасымен музей ісі қолға алынып жатыр.
«Бюджет қаржысына жиһаз жасаттық. Бастапқыда бәрі бос тұрды. Ал басты мәселе – жәдігерлер жинау болды. Осы кезде аудан тұрғындары белсенділік танытып, қолдан келген көмектерін ұсынды. Біреулері ескі құжаттар мен тұрмыстық заттарды әкелсе, енді бірі құнды кітаптар мен сирек кездесетін фотосуреттерді тапсырды. Осы бастамамды алғаш болып қолдаған – аудандық ардагерлер кеңесі. Сол кездегі төраға Сейітбек Есенбаев ағай қолынан келгенше демеушілік көрсетті. Өзім фотограф болған соң ең бірінші жәдігер болған Керей мен Жәнібек хандардың портретін ерекше атап өтуге болады. Ауданның ақсақалдары баталарын берді. Оны газетке жаздым, әлеуметтік желіге жарияладым», – дейді Ермұрат Бекмұхамедов.
Оның айтуынша, бұған дейін аудандық музей құру мәселесі көтерілмегендіктен, жергілікті билік тарапынан арнайы қаржы бөлінбеген.
Музей үшін жеке ғимарат салу немесе кең орын бөлу қиынға соқты. Экспонаттарды жинақтау үшін қолайлы ғимараттың болмауы да басты кедергілердің бірі болды. Сондықтан алғашқы қадам ретінде аудандық мәдениет үйінің екінші қабатындағы бос бөлме берілді.
Бүгінде мұнда бес жүзден астам жәдігер жиналып тұр. Бірақ аядай бөлме тарлық етуде. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков
Қамысты ауданы