Қостанай ауданының Заречный ауылындағы 250 орынға шақталған емхананың салына бастағанына 3 жылға таяп қалды. Әне-міне ашылады деумен келеміз. «Сағызша» созылған құрылыстың қашан аяқталары ақыры белгілі болды.
Бүгін түс ауа Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов аталған нысанға барып, жағдаймен танысты. Қуанышқа орай, құрылыс аяқталуға жақындапты.

Ғимараттың сырты, жертөлесі мен кәріз жүйесіндегі жұмыстар ғана қалып отыр. Айналасы бір жарым айдың көлемінде сүйінші хабар естиміз.

Қостанай аудандық ауруханасы 51 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Бір өкініштісі, аурухана мекемесі қазіргі орналасқан ғимаратты 1999 жылдан бері жалға алып келеді. Аталған қызметке жыл сайын бюджеттен 150 млн теңге кетеді. Жалға алынған нысанның іші тар. Бір кабинетте 3-4 дәрігер кезектесіп пациенттерді қабылдап, жайсыз жағдайда еңбек етуде. Ақ халаттылар бұдан былай аталған қолайсыздықпен қош айтысатын болды.

«Медицина мекемесіне тиесілі нысанның болмауы дұрыс емес. Сондықтан үш жыл бұрын жаңа құрылыс жөнінде шешім қабылданды. Мінекей, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бір жарым айдың ішінде толығымен бітіп, жаңа емхананың ғимараты пайдалануға беріледі. Салынып жатқан емханада әр дәрігердің жеке кабинеті болады. Келушілерге ыңғайлы жағдай жасалады. Бұл қадам медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға әсер ететіні сөзсіз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Қостанай ауданы
