Ыбырайдың мерейін үстем еткен жас дарын

Ыбырайдың мерейін үстем еткен жас дарын

Қостанай өңірінде талантты, жігерлі, елі үшін еңбек етуге әзір жастар аз емес. Солардың бірі – Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы, биылғы мектеп түлегі Жазира Кенжебекова. Тек мектебінің ғана емес, облысының да мақтанышына айналған оқушы – қазақ тілі мен әдебиетінен түрлі деңгейдегі білім додаларында топ жарып, ел назарын өзіне аударған ерекше дарын иесі.

Жақында ғана Өскемен қаласында өткен Қанипа Бітібаева атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиадада Жазира жүлделі І орын иеленді. Бұл жеңіс – кездейсоқ емес, бала күнінен бастап қазақ тілі мен әдебиетіне деген сүйіспеншілікпен, тынымсыз еңбектің арқасында келген жетістік. Оның білімге деген құштарлығы мен табандылығы – бүгінгі жастарға үлгі.

Орал қаласында ұйымдастырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Жазира өз білімін дәлелдеп, ІІ орын тұғырынан көрінді. Осындай сайыстарда топ жару – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, тек жанкешті дайындық пен тиянақты білімнің арқасында келетін мәртебе. Жазира Қостанай облысының намысын абыроймен қорғады. Мектебі де дарынды жұлдызының республикалық деңгейде жарқырағанына қуанышты. Ұстаздарының үмітін ақтаған шәкірт – білім ордасының мақтанышы. Ал Қостанай жұрты үшін Жазира – тек білімді оқушы ғана емес, рухы мықты, туған тілінің жанашыры, болашағы жарқын батыр қыз. Қостанай облысы өз мықтысын білсін!

Жансая ӨМІРЗАҚ
Қостанай қаласы