Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті журналистика білім беру бағдарламасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл екіжақты келісім жоғары білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға, сондай-ақ оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға бағытталған.
Меморандумға Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейітбек Қуанышбаев, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанынан келген делегация және журналистика кафедрасының өкілдері қол қойды.
Кездесу барысында көкшетаулық қонақтар Қостанай университетінде журналистика кафедрасының ашылғанын және бұл бағытта үлкен серпін бар екенін атап өтті. Журналистика кафедрасы филология факультеті құрамында өткен жылы ғана құрылып, алғашқы талапкерлерді қабылдай бастаған. Биыл арнайы пәндер қатары кеңейіп, оқыту процесі толыққанды жүзеге асып отыр.
Көкшетау университетінің делегациясы Қостанай өңірлік университетінің журналистика бойынша білім беру сапасын және кадрлық әлеуетін жоғары бағалады. Делегация мүшелері өз пікірлерін білдіре отырып:
– Қостанай университеті талаптары жоғары, кадрлық әлеуеті мықты оқу орны. Сондықтан да біз осы университетпен ынтымақтастық орнатуды таңдадық. Студенттеріміз мұнда білім алып, тәжірибе жинақтай алады. Сонымен қатар, Қостанай университетінің білікті оқытушыларының Көкшетауға келіп, академиялық кезеңде дәріс беруін де қалаймыз, – деді.
Меморандум аясында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттері Қостанайда оқи алатын болады. Ал қостанайлық оқытушылар Көкшеге барып, білім береді. Сонымен қатар, екі оқу орны арасында ғылыми және шығармашылық жобалар жүзеге асырылады.
Кездесуге университеттің академиялық сұрақтар жөніндегі проректоры м.а. Сансызбай Мемешов, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі м.а. Гүлгүл Искакова да қатысып, ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын талқылады.
Қонақтар журналистика кафедрасының жанынан құрылған студия жұмысымен, оқу кабинеттері мен материалдық-техникалық базамен танысты. Алдағы уақытта бұл әріптестік екі университетке де тиімді болары сөзсіз.
Гүлмира Ғабжалел
ҚӨУ студенті