Ұзынкөлде 1300 тал егілді

Ұзынкөлде 1300 тал егілді

Ұзынкөл ауданында 22 сәуірде өтетін «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы аясында 1300 ағаш отырғызылып, ауылдық елді мекендерде гүлдер отырғызуға және оларға күтім жасауға бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді.

Бұл іс-шаралар ауданның экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындарға жайлы орта құру мақсатында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, тазалықты сақтау мақсатында аудан тұрғындары сенбіліктерге қатысып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына 8,1 тонна қоқыс шығарылды.

Ауылдық елді мекендерде гүлдер отырғызу және оларға күтім жасау үшін аудандық бюджеттен 646 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, меморандумдар есебінен тағы 800 мың теңге қаражат тартылған.

Ұзынкөл ауылында гүлдер отырғызу және оларға күтім жасау үшін 10 млн теңге бөлініп, бұл қаражат топырақ әкелу, жерді өңдеу, гүлдерді эскиз бойынша отырғызу және олардың тұрақты күтімін қамтамасыз етуге жұмсалатын болады. Бұл жұмыстар ауданды жасыл желекпен көмкеріп, тұрғындарға жайлы орта жасауға бағытталған.

Варваров ауылында Мир көшесі бойында 100 дана пирамида тәріздес тал отырғызуға 150 000 теңге бөлінді. Бұл шараның жүзеге асырылуына «Бексултанов А.М.» мен «Береке» шаруа қожалықтары қолдау көрсетуде.

Обаған ауылында да жасыл желек отырғызуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Бұл жерде петунья мен сібір қарағайы отырғызылып, саябақтағы металл қоршаулар боялатын болады.

Бұл жұмыстарға 219 000 теңге бөлінген. Сонымен қатар, ауылдың тұрғын үйлері бойында ағаш отырғызу үшін тағы 300 000 теңге бөлініп, КХ «Обаған ауылы» шаруашылығы тарапынан іске асырылатын болады.

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы кезеңінде Ұзынкөл ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 4 сенбілік өткізіліп, оған 1633 адам қатысып, 1266 аула тазартылды. Бұл шаралар барысында 8,1 тонна қоқыс қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына шығарылды. Сонымен қатар, тұрғындар үшін арнайы Telegram боты іске қосылып, аумақтарды тазалау бойынша 37 өтінім қабылданып, олардың барлығы орындалды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Ұзынкөл ауданы