Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаз

Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаз

Гүлшат Хамзина –  қаласының тұрғыны.  Құрақ көрпе тігуді жастайынан меңгерген. Жанкелдин ауданында туып өскен Гүлшат Бақытжанқызының негізгі мамандығы – мұғалім. Екі баласын тәрбиелеп өсіріп, олардан үш немере сүйіп отырған аяулы әже. Қолөнерге бейімділігі анасынан дарығанын айтады.

Орта мектепті бітіріп, педагогика және психология мамандығы бойынша білім алды. Қазіргі таңда Қостанай өңірлік университетінде жоғары санатты оқытушы. Марқұм анасы қол машинасымен көрпе-жастықтан бастап, сырмақ, кілем тоқудың, көйлек, күртеше тігудің хас шебері болған. Қолына тігін машинасын алып отырған сәтінде қасында жүріп, инесін сабақтасты. Машинканың екінші жағынан матасын ұстап тұру  секілді ұсақ-түйектеріне көмектесіп жүріп,  қолөнерге деген қызығушылығы артқан.

 

“Көрпеге құрақ құрап, қазіргі заманға сай  ою-өрнекпен әсемдеп киім де тігемін.Тігінге  таза қыжым, барқыт сияқты заманауи маталарды қолданамын. Кестемен шешен құрақ, сегіз жапырақ, қошқар мүйіз оюларын саламын. Сұраныс бар, бірақ менде тапсырыс алатын уақыт жоқ. Сатып көрмедім. Қызымның жасауына көрпе-жастығын  өзім тігіп бердім. Ағайын-туыстың қуанышына қолдан келгенше көмегімді көрсетіп отырамын”, –дейді Гүлшат Бақытжанқызы.

 

Ұстаздықпен қатар қазақтың қолөнерін насихаттап жүрген кейіпкеріміздің ісіне сәттілік тілейміз.

Әсел ҚИБАШ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу