“Большевичка” тігін фабрикасы – “Қазақстанның үздік тауары” байқауының жеңімпазы

“Большевичка” тігін фабрикасы – “Қазақстанның үздік тауары” байқауының жеңімпазы

Бұл мәртебелі марапат кәсіпорынның алғашқы жүлдесі емес. Өндіріс ошағы бұған дейін талай жүлдені өңгерген. Бірақ, бұл жолғы марапаттың жөні бөлек дейді  фабрика директоры Арсен Жетпісбаев.

2017-2018 жылдары “Большевичка” тағдыры тығырыққа тірелгенде осы Арсен Жетпісбаев инвестиция құйып, кәсіпорынды сақтап қалған еді. Содан бері өңірдегі ірі өндіріс ошағының екінші тынысы ашылды десек қателеспейміз.

 

Раушан Жекенова фабрикада 43 жылдан бері еңбек етеді. Ол қатардағы тігіншіден директордың өндіріс жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Басынан талай қиындықты өткерсе де өзінің сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ.

– Осыдан бес жыл бұрынғы жағдайды  сөзбен айтып жеткізу қиын. Қазақша айтқанда құрдымға кетудің сәл-ақ алдында қалған едік. Біздің бағымызға қарай, Арсен баламыз келіп, көзіміз ашылды. Қарызға әбден батқан кәсіпорынның бүкіл берешегін жапты.Қазір фабриканың жағдайы оңалды. Бұрынғы ескі тігін машиналарының орнына жаңасын сатып алдық. Ғимараттың бір бөлігіне жөндеу жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта фабрика жанынан жатақхана салуды жоспарлап отыр. Өйткені, біздің ұжымға тігіншілер қажет.  Әсіресе, жас мамандар жағы қат,– дейді Раушан Жекенова.

Бүгінде “Большевичка” тігін фабрикасында 250 адам жұмыс істейді. Олардың жалақысы 300-400 мың теңге аралығында. Бес жылда бірде-бір рет жалақы кешіктірілген емес. Айма-ай, уақытында төленеді.

Кейінгі жылдары фабрика өнімдеріне сұраныс молайды. Тапсырыста мейлінше артқан. Мұнда мемлекеттік мекемелерге арналған арнайы киімдер, әскери формалар, мектеп оқушыларының  киімдері тігіледі. Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, басқа да мекемелер жиі тапсырыс береді. 2019 жылдан бастап фабрика бронежилеттер тіге бастады.

“Біз жыл озған сайын өнім түрлерін кеңейтіп жатырмыз. Бұрын жәй киімдер ғана тіксек, соңғы жылдары әскери, қрғаныс саласы үшін жазғы, қысқы киімдерге сұраныс бар. Металлургтердің, өрт сөндірушілердің, басқа да кәсіпорындардың тапсырысын орындаймыз. Біздің фабрика сияқты кәсіпорындар елімізде онша көп емес. Шамамен бес-алтауы қалған шығар. Көбісі импортқа төтеп бере алмай жабылып қалды. Өзіңіз білесіз, біздің елге киім-кешек Қытайдан, Түркиядан, Қырғызстаннан тасымалданады. Олармен бәсекелесу өте қиын. Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп қорғалмаған. Яғни, алдан шығар қиындық көп. Мәселен, шетелдіктер шекарадан тауар алып өтсе олар тек қана 5 доллар баж салығын төлейді. Біз ҚҚС, баж салығынының өзін 10-12% көлемінде төлейміз. Ол да жаңа жылдан 16%-ке өспек. Қазақстанның халқы жылына 2 млрд доллардың киім-кешегін сатып алады. Біздің кәсіпорын соның 10 %-тін ғана өтеп отыр. Бірнеше рет Үкіметке де шықтық. Ең болмаса шетелден мектеп оқушыларының формасын тасымалдауды тоқтатсын.Өкінішке қарай, бізді ешкім естігісі де, тыңдағысы да келмейді.  Кеңес уақыты тұсында жеңіл өнеркәсіптің үлесі Қзақстан ның ІЖӨ 16%-ке тең келетін. Қазір бар болғаны 01 – 02% деңгейінде. Түркияда жеңіл өнеркәсіпке қатысты бағдарлама бар. Мәселен, олардың тауарлары шетелде сатылса, Үкіметі жалға алған дүкенінің немесе сауда алаңының тең жартысын төлейді. Бұл біз үшін арман ғана. Сондықтан, ауқымды нарыққа шығу өте күрделі. Біріншіден, контрафактіге төтеп беру мүмкін емес, екіншіденсауда алаңын жалға алу құны қымбат. Мемлекет біздерге субсидия тәрізді жеңілдіктер ұсынса,  көп көмегі тиер еді. Әзірге, біз осындай күрделі жағдайда жұмыс істеуге мәжбүрміз”,–дейді “Большевичка” тігін фабрикасының директоры Арсен Жетпісбаев.

Соған қарамастан кәсіпорында ілгерілеу бар. Кәсіпорын жұмысшылары үшін тамақ тегін. Қарамағында бала-бақша, оқу орталығы бар. Мұнда кәсіпорынға жұмысқа тұруға ниетті жандарды қайта даярлайды. Фабрикада жұмыс істейтіндердің дені елуден асқан кісілер. Тігінші мамандығын игерген жастардың келгісі жоқ.  Амалсыздан, жұмыс істеуге ниет білдірген жандарды оқытуға тура келеді. Өйткені, кез келген адамның тігін тігуге машығы болғанмен, қазір  киімнің дизайны өзгерген. Өз мәнері бар.Талапқа сай болу үшін ең бірінші сапаға мән береміз дейді кәсіпорын басшысы.

“Елімізде жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорындардың арасында “Большевичка” фабрикасының ғана жалақысы жоғары. Мәселен, Алматы немес Шымкенттегі тігін фабрикаларында қарапайым тігіншілердің жалақысы 150-200 мың теңгеден аспайды. Өйткені, кәсіпорын өнімдеріне сұраныс жоғары. “Біз қазір Ресейден тапсырыс алмаймыз. Өйткені, ішкі нарықты толық қамтуымыз керек”, – дейді фабрика директоры.

“Большевичка” фабрикасын жақын-жуықта үлкен өзгерістер күтіп тұр. Айталық, күні бүгін фабриканы жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын идректорының  айтуынша, келесі жылы өндірістегі бүкіл жабдықты 100 процент ауыстырмақ. Алдағы уақытта фабрика өзінің брендтік киімдерін шығаруды да жоспарлап отыр.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу