«Ел дегенде ар қандай,
намыс қандай!
Тау мен тасқа соғылар
қарыс маңдай.
Ел дегенде жығылған
жалым тұрып,
Айбаттанып кетемін
арыстандай».
Бұл өлең шумағын жерлесіміз Жолбарыс Баязид бекер жырламаса керек.
Бүгін Алаштың айтулы ақыны, КСРО Жазушылар одағының және ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Қостанай облысының құрметті азаматы, «Құрметті Қажы» алтын төсбелгісінің иегері ақбар қажы Жолбарыс Баязидтің 90 жылдық мерейтойы.
Осыдан жарты жыл бұрын дүние салған шайыр торқалы тойын көре алмады.
Қайраткердің есімін ел жадында сақтау науқанының бірі – ширек ғасырға жуық мекен еткен үйінің қабырғасында жыр жампозының құрметіне мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.
Шараға ақынның қызметтес болған қаламгер әріптестері, ел ақсақалдары, қажылар, туыстары жиналды.
«Бір ғана «Қыздарға әсемдік жарасады» деп басталатын «Арман жырым – аруларым» әні кезінде «Азия дауысы» фестивалі дүр сілкіндірсе, әлі күнге қазақ баласы ұмытпай айтып келе жатқан туынды. Өмірден ерте озған композитор Қайрат Нұрғазин ағамыз бұл әннің әуенін қалай әдемі келтірген десеңізші! Ақынның соңында қаншама жыр мұрасы қалды. Көрнекті тұлғаның есімі оқырман жадынан ешуақытта ұмытылмайды», – деді газетіміздің бас редакторы Кенжеш Аманова.
АҚШ-тан жеткен тағы бір жағымды жаңалық, бүгіннен бастап көктегі бір жұлдыз Жолбарыс Баязидтің есімімен аталатын болды!
Ақжолтай хабарды мұхиттың арғы бетінен қайраткердің қызы Гүлнар арнайы ала келіпті. Сертификатта ақын атындағы аспан денесінің координаттары анық жазылған.
Жолбарыс Баязид «Жыр – ғұмыр», «Жыр – дүние», «Жыр мен сыр», «Ақиқаттың ақ шыңы», «Алланың ақырғы Пайғамбары», «Аққу сезім», «Өң мен түстей дүние», «Бақытымның бұлағы», «Махаббат оты сөнбейді», «Махаббатпен жаралған адамзатпыз» қатарлы көптеген жыр жинақтарының авторы.
Өлеңдері 1976 жылдан бері облыстық, республикалық газет-журналдарда үзбей жарияланып келеді.
Жолбарыс Баязид ақындығымен қоса, өңірдегі журналистер қауымының ағасы болатын.
Еңбек жолын «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») газетінде бастап, ұзақ жылдар бойы облыстық радиода, мәдениет басқармасында, телерадио компанияда жауапты қызметтер атқарған.
Баспасөздің қарашаңырағы – «Қостанай таңы» газетінде еңбек еткен, басылымға басшы болған тұлға.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев