Су тасқынынан зардап шеккен Екідің ауылының тұрғыны Назым Рақымбекке Арқалық қаласынан үш бөлмелі жайлы пәтер сатып әперілді.
Өмірдің ыстық-суығын көрген қарт ана дәл мұндай нәубетті бұрын-соңды көрмегенін айтады.
«Су тасқынынан ауылдағы үйіміз құлап, дүние-мүлкіміз түгел бүлінді. Үкімет шығынды есептеп, төлейміз деп жатыр. Отбасысымызда 8 жанбыз. Үйді балаларым таңдады. Көмек беріп жатқан Қазақстан халқына зор алғысымды айтамын. Қиын шақта тамақ, киім-кешек, төсек-орын беріп қамтамасыз етті. Енді, міне, үкімет далада қалдырмай үй алып беріп жатыр. Үйіміз өзімізге ұнайды. Баспаналы болып жатқанымыз үшін Президентімізге зор алғысымызды білдіреміз», – дейді зейнеткер Назым Рақымбек.
Баласы мен келіні екеуі де мұғалім. Балаларына қаладан жұмыс болады деп жатыр.
Өзі жеті бала тәрбиелеп өсірді.
Бүгінде балаларынан көрген төрт немересінің тәтті қылықтарын қызықтап, аз күнгі ауыртпашылықтан арылып, көңілі жайланып отыр.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы