Ұлттық киім ұлықталған этносағат

Ұлттық киім ұлықталған этносағат

Ұлық мереке Наурыздың қарсаңында Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап кітапханасында «Ұлт рухы – ұлттық киімде» атты тағылымы мол этносағат өтті.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бұл іс-шара оқырмандарға ерекше рухани әсер сыйлады.

Кеш қонақтары – «ETNNO FASHION» креативті индустрия және этномәдениет агенттігінің негізін қалаушы әрі басшысы Қабидолова Сәуле және «Лучшая версия себя» заманауи әйелдер клубының негізін қалаушы Тапалова Әсем қатысып, жүрекжарды құттықтау сөздерін арнады.

Олар ұлттық киімнің тек сән үлгісі ғана емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

Іс-шара барысында қазақтың дәстүрлі киімдерінің ерекшеліктері, олардың әр элементінің мән-мағынасы кеңінен таныстырылды. Қатысушылар ұлттық нақыштағы киімдердің қазіргі заманмен үйлесім табуы, оны күнделікті өмірде дәріптеудің маңыздылығы туралы ой бөлісті.

 «Кітапханада 14 наурыз көрісу күнінен бастап әр түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. 18 наурыз ұлттық киім күніне орай осы этносағатты өткізіп жатырмыз. Мұны жастарға үлгі ретінде ата-бабадан мұра болып қалған ұлттық киімдер мен әшекейлерді көрсету мақсатында өткізіп отырмыз. Соңғы кездері жастар ұлттық киімдер мен әшекейлерді күнделікті өмірде де киіп, тағып жүргені көңіл қуантады», – дейді іс-ашар ұйымдастырушы кітапхана қызметкері Гүлжан Байзирова.

Кеш соңында келген қонақтарға өңіріміздің дизайнерлері ұсынған ұлттық нақыштағы киімдер топтамасы таныстырылып, сән үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір туындыдан қазақы болмыс пен заманауи стильдің үйлесімі айқын көрініс тауып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар, Наурыз думанына арналған әсем әндер шырқалып, кештің көркін аша түсті. Әуезді әндер мен көтеріңкі көңіл-күй іс-шараның мазмұнын байытып, қатысушыларға мерекелік шаттық сыйлады.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Этносағат ұлттық рухты жаңғыртып, салт-дәстүрімізге деген құрметті арттыруға ықпал еткен тағылымды кездесу болды.

Бота МАНЕТ