ҰБТ: қандай жаңашылдық енгізілді? фото ашық дреккөзден алынды

ҰБТ: қандай жаңашылдық енгізілді?

Қаңтар айында биылғы алғашқы ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. ҰБТ-ға қатысуға 167 мыңға жуық адам өтініш берген. Олардың үштен бірі «Математика және Физика», «Биология және Химия» бейінді пәндерін таңдаған.
Биыл ҰБТ қалай өтеді? Шекті балл қандай? Тестілеу кезінде не істеуге тыйым салынады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

ҰБТ жылына бес рет өткізіледі. Ақылы оқуға түсу үшін – қаңтар, наурыз, тамыз айларында, негізгі (мамырдан шілдеге дейін) грантқа түсу үшін 2 рет тапсыруға болады.

Тестілеудің ең жоғары балы – 140. Ал уақыт ұзақтығы – 240 минут. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі. Шығармашылық емтихан тапсыратын талапкерлер 70 минутта екі пәннен сынақты тапсырып үлгеруі қажет.

– Қаңтардағы ҰБТ, ең алдымен, шартты түрде ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдіргендер үшін ұйымдастырылады. Жазғы ҰБТ-дан шекті балл жинамағандар, педагогикалық бағыттарға ауысуды қалағандар, шығармашылық мамандықтан басқа саланы таңдаушылар және мектеп бітіруші түлектер бұл тестілеу арқылы болашақтарына қадам жасай алады. Мектеп түлектері ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады, оның үшеуінің нәтижесі ақылы оқуға түсуге жарайды. Ал негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, оның сертификаттарының бірімен грант конкурсына қатыса алады. Тестілеуге қатысу не қатыспау туралы шешімді әр талапкер өзі шешеді – дейді Қостанайдағы ұлттық тестілеу орталығының жетекшісі Нұргелді Хасенов.

Талапкерлер жазда таңдаған жоғары оқу орнында шығармашылық емтихан тапсырады. ҰБТ-да бес пәннен де сынақ тапсырғандар Қазақстан тарихы және Оқу сауаттылығы балдарын алып, бір шығармашылық мамандықты таңдай алады. App.testcenter.kz сайтында байқау сынақтары бар. Биыл төрт жаңа нұсқа қосылды. Сынақты тапсыру үшін сайтта тіркеліп, жеке кабинетке кіріп, «Байқау сынағы» бөлімін таңдау қажет. Сатып алу батырмасын басып, төлем жасау қажет. Байқау сынағының құны – 602 теңге. Сондай-ақ, prob-ent.testcenter.kz сайтында бір нұсқаны тегін тапсыруға болады.

Тестілеу кезінде компьютердегі калькуляторды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі. Тестілеуде А4 форматтағы 3 шимай парағы беріледі. Тағы қажет болса қол көтеріп, тестілеу әкімшісінен сұрауға болады. Шимай парақтарын жыртуға, умаждауға, сыртқа алып шығуға болмайды.

Ереже бұзған талапкер аудиториядан шығарылады және оның тестілеу нәтижесі жойылады.
Тестілеу кезінде компьютердегі калькуляторды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі. Өзінің орнына басқа адамды кіргізген талапкер жыл бойы тестілеуге жіберілмейді.

Гүлмира ҒАБЖАЛЕЛ,
ҚӨУ-нің студенті

Жаңалықтармен бөлісу