Ерекше балалар орталығы неше ашылмай жатыр?

Ерекше балалар орталығы неше ашылмай жатыр?

Осы мәселеге жауап іздеген Сарыкөл ауданының тұрғыны Надежда Полищук бес жылдан бері тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр.

Ол басқарып отырған «Өмір» мүгедектер қоғамының қарауында қазір 72 бала бар. Қоғамның назарынан тыс қалған бүлдіршіндерге күнделікті қамқорлық пен қолдау қажет. Алайда арнайы орталық ашу туралы өтініштер билік тарапынан кері қайтып келеді.

Қоғамдық бірлестікке тіркелген 72 баланың жағдайын біріздендіретін қажетті орталық ашылмайынша, олар толыққанды əлеуметтік, медициналық көмекке жете алмайды. Мəселе осында болып тұр.

«Он төрт жылдан бері осы салада тегін жұмыс істеп келемін. Жүрегім шыдамады, инсульт алдым. Балалар қараусыз. Орталық ашуға 34 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылғаны да айтылған. Бірақ көктемгі су тасқыны кезінде бұл қаржы басқа мақсатқа бағытталғанын естідік. Əлі нəтиже жоқ. Бəрі созбалаңға салынып жатыр», – дейді Надежда Полищук.

Аудан əкімі Марат Шымырбеков бұл мəселені назарда ұстап отырғанын айтты.

«Бұл кісіні осы мəселе бойынша қабылдадық. Бөлім мамандары бюджет шеңберінде мəселені қарап жатыр. Алғаш өтініш берілгеннен кейін 2021 жылы Президент əкімшілігінен арнайы инспектор келгені де рас. Есеп-қисап, талаптарды нақтылау тапсырылған. Бірақ кодекс бойынша бала саны 25-тен аспауы қажет болған», – дейді əкім.

Мəселенің бір ұшы заңдылық тұрғыдағы кедергілерге келіп тіреледі. Облыстық əлеуметтік қорғау жəне бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілдері орталықтың жұмыс істеуі үшін арнайы лицензия талап етілетінін мəлімдеді.

«Лицензия алу үшін жобалықсметалық құжаттар, санитарлық талаптарға сəйкестік жəне тағы бірқатар процедуралар қажет. Ол үшін арнайы тапсырыс беру керек. Бірақ қоғамдық бірлестік бұл шығынды өз күшімен жаба алмайды», – дейді мамандар.

Сарыкөлдегі бұл түйткілді жағдаймен облыс əкімі Құмар Ақсақалов аудан халқымен болған кездесуде танысты, Надежда Полищукты жиналыстан кейін жеке қабылдады.

Айбек ЖҮЗБАЙ