Шағын қалада таңдаулы алты жоба қолға алынды

Шағын қалада таңдаулы алты жоба қолға алынды

Былтыр Лисаков қаласында тұңғыш рет «TuganQala» бағдарламасы басталды. Бағдарлама бойынша тұрғындар назарына 40 жоба ұсынылып, соның алтауы іріктеуден өтіпті. Бұл туралы қала әкімі журналистермен өткен баспасөз мәслихатында айтып өтті.

Аталған алты жоба биыл жүзеге асады. Оған 60 млн теңге бағытталған. Біріншісі – 7 шағынауданда футбол алаңының жасанды төсенішін қайта жаңғырту, екіншісі – 14-шағынауданда жаттығу құралдары бар спорт алаңын орнату.

Одан кейінгі бастама қалалық жағажайда work-out алаңын ашу. Алтай саябағында көше жарығын ауыстыру жұмыстары да жоғарыда аталған «TuganQala» бағдарламасының аясында жүргізілмек. Бесінші жоба Жоғарытобыл көшесінде жылы аялдама салуды көздейді. Шаһардың 11-ші шағын ауданын жаңа көлік тұрағымен қамту жұмысы да таңдаулы алты жобаның бірі.

Биылдыққа қаланың бірқатар шағын аудандарында көлік тұрақтары орнатылғанын еске саламыз. Осы мақсатқа 2024 жылы 154 млн теңге бөлініп, жоспарлы жұмыстар биыл мәреге жетіп отыр. Кеншілер-Комсомол және Жоғары Тобыл-Комсомол көшелерінің қиылыстарына кері санау кестесі бар бағдаршам орнатылған. Биыл жалпы құны 36,2 млн теңгеге үш мың шаршы метрлік жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлануда. Жолақтар ЭКСПО айналма жолы, Бәйтерек айналма жолы, Мәңгілік Ел — Больничная көшелерінің қиылысы, 13, 13 а шағын аудандардағы жол учаскелеріне орнатылмақ.

Қымбат ДОСЖАНОВА