«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Лисаков қаласында көше жарығын монтаждау жұмыстары аяқталды. Аталған жұмысқа 44,3 млн теңге бағытталған. Бұл туралы шаһар басшысы Абай Ибраев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Экологиялық акция шеңберінде қаладағы 120 металл тірек, 11 темір-бетон тірек және Жеңіс саябағы мен коттедждер аумағына 308 шам орнатылыпты. Көшедегі ескі шамдарды алып тастап, оны жарық үнемдейтін шамдармен алмастырған. Жоғарытобыл, саябақ, жағажай, кеншілер, Сәтпаев аллеясы көшелерінде монтаждау жүргізілді.
«Қаланың бірыңғай сәулет көрінісін қалыптастыру мақсатында биыл көппәтерлі тұрғын үйлердің сыртқы қабырғаларын, шатырларын қайта жаңартып, ағымдағы немесе күрделі жөндеу жасаймыз. Бүгінде тұрғын үйлердің шатырын жаңарту, 3-шағынаудандағы үш үйдің балкондарын бірдей қылып қаптау жұмыстары жүруде. Сол үшін 239,3 млн. теңгеге қарастырылған. Шымкент қаласынан келген мердігер ұйыммен екі жылдық келісім-шарт жасалды. Жобаны келесі жылдың басында аяқтаймыз», – деді Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев.
Кеншілер кенті көгалдандыру бағытына ерекше ден қойған. Биылғы көктемде Лисаков қаласы мен Октябрь ауылында барлығы 1414 көшет отырғызыпты. Көшеттің бәрі демеушілер тарапынан тартылған қаражатқа алынған.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен жалпы құны 54 млн теңгенің үш жобасы іске асқан. Олар екі балалар алаңы мен Жеңіс саябағында салынған веложол.
«Биыл Жеңіс саябағын абаттандыруға көңіл бөлдік. Оған қоса Қостанай облысы әкімдігі мен ERG компаниясы саябақты қалпына келтіруге 155 млн теңге бөлу жөнінде меморандумға қол қойған. Жақын арада қаржыландыру іске қосылып, конкурстық іріктеу басталады. Саябақтың кіре берісін жаңартып, жаяу жүргіншілер жолындағы төсеніштерді ауыстырамыз. Энергия үнемдегіш жарық шамдарын орнатып, заманауи стильдегі орындықтар, қоқыс салғыштар қоямыз. Балалар мен спорт алаңдарының жабдықтарын да жаңартамыз», – деді Абай Сарсембайұлы.
Қаланың екі субұрқағының жабдықтарын ауыстырып, жарықтандыруға 14,2 млн теңге қаражат жұмсалған. Ағымдағы жөндеуден өткен қос субұрқақ қазір айналаға сән беріп тұр.
Қымбат ДОСЖАНОВА
