Бүгін, 1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Бұл – он жылда бір рет өтетін науқан. Санақ жүргізу жосығы, тәртіп-талабы, ереже-шарттары қалай болмақ? Мұны баспасөз мәслихатында мамандар жан-жақты түсіндіріп берді.
Ауыл шаруашылығы санағы – халықаралық маңызы бар науқан. Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және өзге де ондаған елде жүргізілмек. Біздегі санақ өткізу әдіс-тәсілдері халықаралық стандарттарға сай. Науқан мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділікті кеңейту, өңірлердің инвестициялық тартымдылығына талдау жасау, ірілі-ұсақты шаруашылықтардың инвестжобаларға қатысу, кәсібін ілгерілету мүмкіндігіне жол ашу. Мамандардың айтуынша, жиналған деректер елдегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын, оның қалай дамып келе жатқанын, халықтың тұрмысын көрсетуге тиіс.
«Санақ екі кезеңмен жүргізіледі. Біріншісі – онлайн форматта. Ол 1-31 тамыз аралығын қамтиды. Көп уақыт үнемдеуге мүмкіндік беретін онлайн-кезең sanaq.gov.kz сайтында өтеді. ЭЦҚ, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы жүйеге кіруге болады. Санаққа цифрлық технологияның қолданылуы шығындарды азайтып, мәліметтерді өңдеу үдерісін жылдамдатуға жол ашады», – дейді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қостанай облысы департаменті басшысы Мира Жағыпарова.
Ресми сайтта екі түрлі сауалнама бар: біреуі агрокәсіпорындарға, екіншісі бау-бақшасы бар не мал ұстайтын үй шаруашылықтарына арналған. Сұрақтар жер мен техниканы пайдалану, еңбек ресурстары, ауыл шаруашылық өнімін өткізу және басқа да ауыл шаруашылығы қызметінің барлық тұсын қамтиды. Ал сауалнаманы қалай толтыру керектігі туралы бейненұсқаулық, интерактивті көмекші сайтта тұр. Сондай-ақ нақты уақыт режимінде сұрақтарға жауап беретін «SANAQ мырза» чат-боты жұмыс істейді.
«Интернетке қосылмаған немесе компьютері жоқ азаматтар үшін әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде 2684 өзіне-өзі қызмет көрсету пункті ашылған. Сондай-ақ 1446 нөміріндегі байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Орталық техникалық сұрақтардан бастап, сауалнаманың мазмұнына дейін кез келген мәселе жөнінде кеңес беруге дайын. Ерекше айта кетерлігі, санақтағы басыбайлы әр ақпарат қатаң түрде құпия ұсталады. Ол салық органдарына, полицияға немесе басқа мемлекеттік мекемелерге берілмейді. Барлық дерек «Мемлекеттік статистика туралы» заңмен қорғалған», – деп нақтылады департамент басшысының орынбасары Ольга Панченко.
Ол санақтың екінші кезеңі туралы да мәлімет берді. Онлайн-санақтан өтпеген үй шаруашылықтарын сұхбат алушылар 20 қыркүйектен бастап аралауға кіріседі. Ал егер анкетаны тамызда толтырған болсаңыз, ешкім мазаңызды алмайды.
«Барлық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге, жеке қосалқы шаруашылық иелеріне айтарымыз, санаққа қатысу арқылы елдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қоса аласыздар. Сіздердің жауаптарыңызға орай, қай жерде қойма салынатыны, қандай субсидиялау бағдарламаларының жұмыс істейтіні. Бүкіл ірі кәсіпорын, ферма, шаруашылық иелерін санаққа қатысуға шақырамыз. Бұл көп уақыт алмайды, есесіне аграрлық сектордың болашағына ықпал ете аласыздар», – деді Ольга Панченко.
Санақ қорытындысы кезең-кезеңімен шығарылып отырады. Алдын ала деректерді осы жылдың желтоқсан айында жария ету жоспарда бар. Ал ақырғы мәліметтер келесі жылы шығарылады. Соңғы санақ 2006 жылы өткенін де естеріңізге сала кетейік.
Айтқандай, санақтың 20 қыркүйекте басталатын оффлайн-кезеңі үшін жұмысқа сұхбат алушылар қабылданып жатыр. Жасы 18-ден асқан ниет білдіруші азаматтар 1406 нөміріне жүгіне алады. Сұхбатшыға қойылатын талап та соншалық күрделі емес: цифрлық технологияның тілін жақсы білсе, компьютерді жетік меңгерген болса жеткілікті. Аз ғана уақытта оқытудан өтеді. Білім деңгейі талап етілмейді. Жалақы – айына 180 мың теңге.
Жандос Жүсіпбек
