Қала күні қарсаңында танымал мүсіннің үш метрлік көшірмесі Тобыл өзені бойынан орын тепті. Енді «Тобыл ойшылы» Қостанайдың қонақтарын қарсы алып, шығарып салып тұрмақ.
«Тобыл ойшылы» Қостанайдың ең ерекше жәдігерлерінің бірі саналады. Сондай-ақ ол ұлттық құнды мүлік ретінде де мойындалған.
Түрлі түйіршікті сұрғылт-қоңыр құмдақтан жасалған, кәсіби шеберлікпен қашалған 20 сантиметрлік антропоморфты ескерткіш Тобылдың оң жағалауынан, Мичурин ауылы тұсынан 1976 жылы табылған еді. Ғалымдар оның жасы шамамен 9 мың жыл деген болжам айтады. Ол Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2022 жылға дейін сақтаулы тұрды. Кейін ҚР Ұлттық музейіне табысталды.
Мүсінді жағалауға орнатуға бюджет қаражаты жұмсалмағанын айта кету керек. Жобаны жергілікті Alpamys Group құрылыс компаниясы қаржыландырған. Мұны қостанайлық кәсіпкерлердің қаланы көркейтуге үнемі көмек көрсетіп отыратынына жарқын дәлел деуге болады.
Скульптура айналасына жарықтандыру құрылғылары орнатылып, спаркуларлар және криоэффектілермен жабдықталған. Бұған қоса, мүсіннің жан-жағына Қостанайдың құрылуы мен дамуынан сыр шертетін «»Қаланың қола дәуірінен осы кезге дейінгі тарихы» жарықты фотокөрме қойылған. 

Ашылу рәсімінде сөз алғандар мұның келешекте туристік нысандардың біріне айналарына сенім білдірді. «Тұсауы кесілгеннен-ақ» мүсін қала тұрғындарының назарына ілігіп, көпшілік «Тобыл ойшылымен» жақын келіп танысып, естелік суреттерге түсіп жатты. 

Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта мүсін маңында мәдени-ағартушылық, танымдық іс-шаралар өткізіп тұру жоспарланып отыр.

Толығырақ – газеттің алдағы санында.
