Бүгін Жастар сарайында 21 жылдық тарихы бар XXI халықаралық «Алтын микрофон-2025» әншілер байқауының салтанатты ашылуы өтті.
Биылғы байқау қатысушылар саны жағынан рекорд орнатты – еліміздің барлық өңірлерінен және алыс-жақын шетелден келген 84 әнші бақ сынауда. Ерекше атап өтерлігі байқауға алғаш рет Ұлыбритания өкілі қатысып, жоба ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатыр.

Жас өнерпаздарды халықаралық қазылар алқасының құрамы сынға алмақ. Қазылар қатарында Армения, Болгария, Қырғызстан, Беларусь, Украина және Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері бар. Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, әнші Жеңіс Сейдоллаұлы.
Салтанатты шарада облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік пен шабыт тіледі.

«Байқауға дайындық жылдың басынан басталды. Байқаудың келешегі зор. Біз бұл жұмысты әрі қарай ұлғайта береміз. Себебі бұл байқаудан қаншама таланттар шықты. Бүгін де жаңа есімдер танылады деп сенемін», – деді Құралбек Атамұратов.
Байқау төрт санат бойынша өтуде: кіші топ (7–10 жас), ортаңғы топ (11–13 жас), ересектер (14–17 жас) және кәсіби (тәжірибелі орындаушылар, түрлі байқаулардың жеңімпаздары).

Алғашқы болып сахнаға алматылық Тамерлан Абдолда шығып, байқаудың шымылдығын ашты. Ол осы жобаға бұған дейін де қатысып, өз өнерін көрсеткен екен. Араға бірнеше жыл салып, Қостанай жеріне тағы да оралып отыр.
– Әрине, алғашқы болып шығу оңай емес. Дегенмен, бұл маған ерекше серпін берді. Өлеңімді шын көңілмен орындап, өзге де әншілердің өнерін емін-еркін тамашалауға мүмкіндік алдым. Қазылар алқасының берген жоғары бағасы да қуанышымды еселей түсті, – дейді Тамерлан.
Ал сонау Англиядан келген Мариа Елизабет Попова Қостанай жеріне алғаш рет аяқ басты. Ол алты жасынан бастап ән айтып келеді. Небәрі он жаста болса да бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, талантымен көпшілікті тамсандырып үлгерген.
Мариа сахнада өзін сенімді ұстады, әуезді даусымен көрерменді бірден баурап алды. Қазақ жерінде алғаш өнер көрсетуі оның жүрегінде ерекше орын алатынын айтып өтті.

– Қазақстанға алғаш келуім – мен үшін үлкен оқиға. Мұндағы адамдардың қонақжайлығы мен жылы лебізі ерекше әсер қалдырды, – дейді кішкентай әнші.
Қатысушылардың өнері 10 балдық жүйемен бағаланады. Айта кетерлігі, биылғы жылы гала-концерт алғаш рет ашық аспан астында, облыстық әкімдіктің алдында құрылған сахнада өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлап, байқау атмосферасын жаңа деңгейге көтермек.
Байқау Қостанай облысы мәдениет басқармасы мен Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының қолдауымен ұйымдастырылуда.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суретке түсірген Жанел Құттыбай
