19 июня, 2025
Тобыл өңірінде бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр

Тобыл өңірінде бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр

Қостанайда Сеул Олимпиадасының қола жүлдегері, КСРО чемпионы, Қазақстан боксының аңыз тұлғасы Александр Мирошниченконың құрметіне арналған халықаралық бокс турнирі басталды. Биылғы сайыс бұрынғысынан да ауқымды – жарысқа еліміздің сегіз облысы мен Ирак, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген былғары қолғап шеберлері қатысып жатыр. 110-нан астам мықты боксшы шаршы алаңда бес күн бойы бақ сынайтын болады.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған экономика ғылымының кандидаты, ауыл шаруашылығының ардагері, КСРО спорт шебері, бокстан Қазақстан чемпионы Ибраш Естаев спортшыларды құттықтап, турнирдің маңызын атап өтті:

«Жан-жақтан келген спортшылардың қатысуы – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл турнир жерлесіміз, бокстың жарық жұлдызы Александр Мирошниченконың құрметіне өтіп жатыр. Барша қатысушыларға әділ жеңіс тілеймін!» – деді Ибраш Естаев.

Халықаралық дәрежедегі төреші Өзбек Қазин де жарысты ұйымдастыруға үлес қосқан жандарға алғысын білдіріп, Мирошниченконың спорттық жолына шолу жасады:

«Сегіз облыс пен үш шет мемлекеттен қатысушылар келіп отыр. Александр он алты жасынан-ақ дарын иесі екенін дәлелдеді. Жасөспірімдер арасындағы КСРО жеңімпазы, бірнеше мәрте КСРО чемпионы, халықаралық ареналардың финалисі болды. Бүгінде оның ізін жалғап келе жатқан Антон Пенчук, Жан Кособуцкий, Иван Дычко сынды былғары қолғап шеберлері бар. Бұл турнир – осындай жаңа есімдерге жол ашатын дода», – деді төреші.

Александр Мирошниченконың ұлы Егор Мирошниченко турнирдің жыл сайын өтуі отбасы үшін үлкен мақтаныш екенін айтты:

«Осындай жарыстың өтуі – біз үшін ерекше қуаныш. Әкеміздің жарқын бейнесін ел есінде сақтап, ұлықтап отырған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін!» – деді Егор Мирошниченко.

Александр Мирошниченко – Қазақстан боксының тарихындағы ең атақты спортшылардың бірі. 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионаты мен халықаралық ойындарының күміс иегері, КСРО чемпионатының үш дүркін жеңімпазы.

 Бала кезінде баскетболшы болуды армандаған Александрды анасы Людмила  боксқа жетелеген екен. Қысқа уақыт ішінде ол ерекше нәтиже көрсететінін ана жүрегі сезгендей. 1980 жылы – Қазақстан жасөспірімдер чемпионатының жеңімпазы, 1981 жылы – КСРО Спартакиадасының чемпионы болып қатынан топ жарды. 1983 жылы Еуропа чемпионатында қола медаль, кейін Римде өткен әлем Кубогында тағы бір қола медаль еншіледі.1986 жылы Алма-Атыда өткен КСРО чемпионатында жеңімпаз атанып, 1988 жылы Германияда өткен турнирде болашақ әлем чемпионы Леннокс Льюисті нокаутқа жіберді. Сол жылы Сеул Олимпиадасында жартылай финалында американдық Риддик Боуға жеңіліп, қола медаль иеленді. Бұл – КСРО боксшысының  Олимпиадада жеңіп алған соңғы медаль еді.1989 жылы Мәскеуде өткен әлем чемпионатында финалда Роберто Баладоға жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Кейіннен кәсіпқой боксқа ауысып, Токиодағы «Коэй-боксинг» клубында өнер көрсетті. Кәсіби мансабынан кейін экономика саласында білім алып, бизнеске бет бұрды. 1998 жылы Қостанайда Мирошниченко атындағы бокс мектебі ашылып,  өзі де белсенді атсалысты. Кейін Қостанай облыстық бокс федерациясын, одан соң туған қаласындағы университет жанынан құрылған жекпе-жек және шығыс жекпе-жектері кафедрасын басқарды.

Бүгінде Александр Мирошниченконың есімі Қостанайдағы бір көшеге, сондай-ақ өзі негізін қалаған бокс мектебіне берілген. Ол – Қостанай қаласының құрметті азаматы.

«Кез келген жеңіліс – болашақ жеңістің бастауы» – бұл Александр Мирошниченконың өмірлік ұстанымы болатын.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суретке түсірген Василий Васильев