Домбыра жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің негізгі құралына айналды

Домбыра жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің негізгі құралына айналды

Домбыра — қазақтың жүрек соғысы, ұлттың үні ғана емес, бүгінде адамдарды жақындастыратын рухани көпірге айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арнаған құттықтауында осы құндылыққа терең мән беріп, бұл аспаптың қоғамдағы орны мен миссиясын нақты атап өтті. Президенттің сөзі – тек мәдениетке емес, ұлттың келешегіне деген қамқорлықтың көрінісі.

Қостанай облысында домбыра бүгінде жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің негізгі құралына айналды. Музыка мектептерімен қатар, жалпы білім беру ұйымдарында да домбыра үйренуге ниет білдірушілердің қатары жылдан жылға артып келеді. Ең қуанарлығы – домбыраға қызығушылар тек қазақ балалары ғана емес. Өзге ұлт өкілдері де осы өнер арқылы қазақтың рухын, тарихын, ішкі жан-дүниесін танып-білуге құлшыныс білдіруде.

Ұлттық домбыра күні – ұлттық болмыстың ғана емес, жалпы адамзаттық құндылықтардың да жаршысы. Домбыраның үні қазақ даласында ғана емес, әлем сахналарында да жаңғыра берсін. Бұл үн – татулықтың, өзара түсіністіктің, бірлік пен берекенің үні.

Жарқынбек ДЕРІПСАЛДИН,
Қостанай ауданы «Алтын дән» мәдениет үйінің әдіскері,
Қостанай облысы Композиторлар одағының төрағасы