Облыс орталығындағы «Тобыл арена» ғимаратында орналасқан 860-шы учаскеде де референдум қарқынмен өтіп жатыр.
Бұл учаскеге дауыс беруге құқылы 1649 адам тіркеліп, шақырту алған. Таң атқалы бұл нысаннан да адам аяғы арылмады. Аралық мәлімет бойынша, дәл қазіргі уақытқа дейін тіркелген азаматтардың 40%-дан астамы дауыс беріп үлгерген.



«Қазір учаскеде тоғыз комиссия тыным білмей жұмыс істеп жатыр. Келімді-кетімді тұрғындарға да қолайлы жағдайдың барлығы жасалған дей аламыз. Арнайы дастархан жайып, шай мен бауырсақ, бал мен қаймақ ұсынып, дәм татырудамыз. Азаматтардың белсенділігіне қарасақ, кешке дейін көзделген межеге жетіп қаламыз деп ойлаймын», — дейді учаске төрағасы Қанат Аймұхамедов.

Осындай ел үшін тағдыршешті оқиғаларға қалмай қатысатын жауапты тұрғындардың бірі — Балғын Төлегенқызы. Өзі бекітілген учаскені сұрастыра келіп, азаматтық таңдауын жасап отыр.

«Біртұтас Қазақстанның жарқын болашағына сенетін тұрғын ретінде дауысымды беріп шығып тұрмын. Бұл — елімнің, одан бұрын өсіп-өніп келе жатқан ұрпағымның ертеңі үшін азаматтық ұстанымымды білдірдім. Өмір бойы мемлекетіміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан, бухгалтерия саласындағы тәжірибесі мол мамандардың бірімін. Жауапкершілікті жете түсінген әр азамат бақытты да бейбіт халқымыздың мүддесіне бір кісідей үн қосарына сенімім мол», — дейді Балғын апамыз.

Ал Айгүл Мадинина — жаңа Конституция жобасы жарияланған бетте бүге-шігесіне дейін танысып шыққан жан. Бұл да кездейсоқтық емес, өйткені оның өзі сот саласында жұмыс істейді.

«Ауызбірлігіміз дәлелденетін сәттің бірі де бірегейі осы күн деп ойлаймын. Себебі мұның еліміздің бағыт-бағдарын айқындауға зор ықпалы бар. Ескі мен жаңаны салыстырсақ, көптеген оң өзгеріске көзіміз анық жетеді. Игіліктің бастамасы бүгінгі қадамымыз болады деп үміттенемін», — деген пікірін айтты Айгүл ханым.

Ж.Балғынбекұлы
