Теңгенің Конституциялық мәртебесі – экономикалық тәуелсіздік кепілі

Теңгенің Конституциялық мәртебесі – экономикалық тәуелсіздік кепілі

Ата заңымыздың жаңа жобасында теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту қарастырылып отыр.
Құжатқа сәйкес, теңге Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы, әрі жалғыз ақша бірлігі болып айқындалған. Теңгені ұлттық валюта ретінде еліміздің басты құжатында айшықтап көрсету – елдің қаржылық егемендігін күшейту деген сөз деп бағалаймын.

Бұған дейін теңгенің мәртебесі заңдар мен Ұлттық банк туралы нормаларда ғана көрсетілсе, енді ол тікелей Конституцияда бекітілмек.
Жаңа Конституцияда ұлттық валюта мәселесінің нақты бекітілуі — мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп санаймын.
Теңге – біздің дербес ел болғанымыздың белгісі. Басқаның валютасына тәуелді болу – барлық байлығыңды біреудің билігіне беру. Ұлттық валюта – еліміздің даму көзі, әлемдік деңгейге теңелудің алғашқы факторларының бірі. Ұлттық валюта бұл тек ақша айналымы ғана емес.
Ол — елдің қаржылық қауіпсіздігі, халықтың табысы мен жинағының қорғалуы, ішкі нарықтың тұрақтылығы.
Өз валютасы бар мемлекет қана өз экономикасын дербес басқарып, сыртқы ықпалдарға төтеп бере алады.Конституциялық деңгейде ұлттық валютаның мәртебесін бекіту арқылы мемлекет ақша-несие саясатына жауапкершілікті күшейтеді.
Бұл инфляцияны бақылауға, қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға және азаматтардың әл-ауқатын қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл норма еліміздің қаржы институттарының жауапкершілігін арттырып, теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін эмиссиялық орган-
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің рөлін де нақтылай түседі.
Яғни, ұлттық валютаның тұрақтылығы — мемлекет пен қаржы жүйесінің басты міндеттерінің бірі ретінде айқындалады.
Ұлттық валютаны қорғау — бұл елдің болашағын қорғау. Себебі экономикалық тәуелсіздік болмай, қоғамда әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты даму мүмкін емес екені естен шығармайық.
Сонымен, бүгінгі таңда теңгенің мәртебесі заңмен реттелгенімен, әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл норманы Конституция деңгейінде бекіту маңызды шешім деп ойлаймын.
Ұлттық Теңгеміздің құны да, сыры да түспесін деп тілейік!
Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА,
«Еуразиялық банк» АҚ Қостанай филиалы директоры,
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты