Жыл басынан бері әртүрлі ұйымдарда 39 рет еңбек заңнамасы бұзылған. Оларға Мемлекеттік еңбек инспекциясы Қостанай облысы бойынша департаменті ұйғарым беріп, әкімшілік жазаға тартылған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім болды.

Департамент заң бұзған мекемелерге барлығы 4,9 млн теңге айыппұл салып, 24 әкімшілік шара қолданған.
«Мемлекеттік еңбек инспекторлары 16 арнайы тергеп-тексеру жүргізді, барлық материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына берілді. Ұжымдық-шарттық қатынастарды цифрландыру бойынша жұмыс жалғастырылды: hr.enbek базасында 1,6 мың ұжымдық шарт цифрландырылды, электронды ұжымдық шарттар жасасуға мүмкіндік беретін модуль іске қосылды. Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, жалдамалы жұмысшылардың 97%-ының еңбек шарттары цифрландырылған», – дейді Департамент басшысы Талант Ерманов.

Оның сөзінше, ақпараттық жүйелердің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда өңірдің 9817 бизнес субъектісінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттары бар, оның ішінде 5729 кәсіпорын осы жылдың басынан бастап шарттар жасасқан. (2025 жылы – 2408).
Негізгі бағыт – ұжымдық және еңбек шарттарын цифрландыру, профилактикалық бақылауды күшейту, сақтандырумен қамтуды кеңейту, кәсіптік тәуекелдерді бағалау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын дамыту. Спикер алдағы уақытта осы жұмыстарға ден қойылатынын мәлім етті.
Бота МАНЕТ
