Заң – талап, тәртіп – тетік. Қостанай облысында еңбек құқығын қорғау бағытындағы бақылау күшейіп, тексерулер саны екі есе артты. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті өткен жылдың қорытындысын жариялап, алдағы өзгерістер туралы мәлімдеді. Департамент басшысы Талант Ермановпен сұхбатта еңбек шарттарын цифрландыру, жалақының кешігуі, өндірістегі қауіпсіздік және бейресми жұмыспен қамту мәселелері кеңінен сөз болды.
– Талант Талғатұлы, департаменттің 2025 жылғы жұмысының қорытындысы қандай болды? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Жалпы былтыр бізде 347 тексеру болған. Оның нәтижесінде 405 заңбұзушылық анықталды. Бүгінге дейін ол заңбұзушылықтардың бәрі жойылған. 207 бұзушылыққа тағы қосымша нұсқама берілген. Отыз миллионға жуық әкімшілік айыппұл салынды. Тексерулер саны 2024 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Бұл азаматтардың құқықтық сауаттылығын артуы және шағым беруге деген механизмдердің қолжетімділігіне байланысты. Қостанай өңірі өндірістік, ауыл шаруашылығы саласы дамыған ел болғаннан кейін әр жұмыскер республика бойынша ақпараттық жүйеге еңбек шарттарын есепке алу жүйесінде қандай адамға әлеуметтік төлемдер түсіп жатыр, соны көрсетіп қояды. Қазір Қостанай облысында 190 мың адамға тұрақты түрде әлеуметтік аударымдар түсір тұрады. Енді соның ішінде 96 пайызының еңбек шарты бар. Оны ақпараттық жүйеден көруге болады. Ол жүйені 100 пайызға жеткізуге тырысамыз. Кейбір жағдайда, мысалы азаматтық құқықтық сипаттағы (АҚС) шарттар, бір қызметті көрсетуге арналған, біздің жүйе, өкінішке қарай, әзірше еңбек шарты мен АҚС екенін ажыратып көрсете алмайды. Бірақ әлеуметтік төлем түсіп тұрғаннан кейін оны жұмыс істеп жатыр деп көрсетеді. Өйткені, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АҚС шарттары әлеуметтік төлем аударылып тұру керек. Бүгінде жүйеде келісім шарттарын енгізуге мүмкіндік қарастырылған. Ол еңбек шарты сияқты міндетті емес, бірақ жұмыс берушілер өздерінің есеп жүргізу үшін электрон жүйеге енгізуге мүмкіндік қарастырылған.
– Тексеру қандай негізге сүйеніп жасалады? Оны қаншалықты жиі жүргізіп тұрасыздар?
– Тексерулер екі түрлі болады: заңды және жеке тұлғалар арыз тастаған жағдайда жоспарлы және жоспардан тыс. Арыз түспеген жағдайда тексеру жүргізілмейді. Нақты негізге ғана сүйеніп тексере аламыз. Жоспарлы тексеруді профилактикалық бақылау дейміз. Министрліктің ақпараттық жүйесі бар, соған автоматты түрде бір жылда жинақталған құқықбұзушылықтарды көрсетеді. Өрескел бұзушылықтар болса, автоматты жүйе қарайды да, есептейтін әдістемесі арқылы келесі жылға осы мекемені тексеру керек деп көрсетеді. Бұл ақпараттық жүйенің артықшылығы жұмыс беруші тарапынан бұзушылықтар анықталмаса, тексерулер жүргізілмейтін болса, жауапты жұмыс берушілерге ретсіз тексерулер болмайды. Тағы қосып айтататын жағдай, былтыр 84 өндірісте жазатайым оқиғалар тіркелген. Оның салдарынан 84 адам зардап шекті, оның ішінде 23 адам қаза тапқан. Ең көп мәселе жоғарыдан құлау, құрылыс жағдайлары. Негізгі себебі – жұмыс беруші жұмысты дұрыс ұйымдастырмауы. Кей жағдайлар жұмыскерлердің қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан да болады. Бұндай кезде міндетті түрде комиссия құрылады. Мүшелері екі жақтан жасақталады, ал төрағасы міндетті түрде еңбек инспекцияясынан болады. Үш жақ қарап, шешім шығарады. Былтыр тексеруден кейін 69 материал құқық қорғау органдарына жіберілген. Әрі қарай құқық қорғау органдары шешім қабылдайды.
– Қай салада құқықбұзушылықтар жиі тіркеліп жүр? Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– Көп тіркелетін құқықбұзушылық – жалақы төлеудің мерзімін бұзу. Жоғарыда айтқан 405 бұзушылықтың 227-сі жалақыны мерзімінде төлемеген.
– Өндірісте жарақаттану көрсеткіші қандай? Жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігіне жауапкершілігін арттыру үшін қандай нақты шаралар қабылдануда?
– Жазатайым оқиғалар құрылыс саласында жиі байқалады. Қазір Еңбек инспекциясы, министрліктің тарапынан жұмыскерлерді жазатайым оқиғадан сақтандыру бар, акті шыққаннан кейін сақтандыру компаниясынан жұмыскердің отбасына қаражат түседі. Кәмелетке толмаған балалары болса, 18 жасқа дейін дейін айлық төленеді. Егер сақтандырылған болса, сақтандыру компаниясы төлейді, ал сақтандырылмаған болса, жұмыс беруші өз есебінен өтейді. Егер балалары жоғары оқу орындарында оқып жатса, оқуын бітіргенге дейін айлық төлейді.
– Бейресми жұмыспен қамту мәселесі өңірде қаншалықты өзекті?
– Бейресми жұмыспен қамту жоқ деп айта алмаймыз. Ол міндетті түрде болады. «Кредитім бар еді, алиментім бар еді, сол себептен еңбек шартын жасамадым» деп жатады жұмыскерлер. Көбіне жұмыскер тарапынан қателік кетеді. Жұмыс беруші талап қоймайды, өзара келіседі. Ондай жағдайда жұмыс беруші әкімшілік жазаға тартылады.
– Азаматтар көбіне қандай мәселемен шағымданады? Тұрғындар департаментке қандай арна арқылы жүгінеді?
– Жалақының кешігуі, еңбек демалысына шығардағы, жұмыстан босардағы төлемдер бойынша шағымданатындар көп. Жұмыскерлер екі түрлі жолмен арызданады: онлайн, яғни Егов мобайл, Е-Өтініш арқылы немесе кеңсеге келіп жазбаша түрде. Көбіне шағымдар электрон нұсқада келіп түседі.
– Кәсіпкерлер тарапынан тексерулерге қатысты сын-пікір бола ма? Еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешу тәжірибесі бар ма?
– Біз негізсіз тексермейміз. Сондықтан ондай сын, шағым жоқ. Көп жағдайда сотқа дейін жеткізбей шешуге тырысамыз. Түсіндіреміз, ескертеміз. Екі жақты мәмілеге келу үшін барынша жұмыс істейміз. Ал жағдай ушыққан жағдайда тергеп-тексеру, істі құқық қорғау органдарына жіберу жұмыстары іске асады.
– 2026 жылға қандай басым бағыттар белгіленді?
– Биыл өзгерістер бар. 12 наурыздан бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 98-бабына өзгеріс енгізіледі. Бұрын қағаз жүзінде болса, қазір ақпараттық жүйенің дамуына байланысты жұмыс беруші жұмыскермен электрон шарт жасап, тіркеу керек. Ол жүйеде міндетті түрде көріну керек. Егер көрінбесе 30 бен 150 АЕК аралығында айыппұл қарастырылған. Жүйеде күнделікті мониторинг жүргізіліп отырады. Биыл біздің министрлікке жаңа министр тағайындалды. Жаңа басшы жаңа бағыттарды анықтап беріп жатыр. Басым бағыт – жұмыспен қамту. Формалды емес жұмыспен қамтылған жұмыскерді анықтап, еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесіне мән беріп жатыр. Соңғы кезде АҚС шарттары көбейіп кетті. Еңбек шарты үш негізгі тармаққа негізделеді. Оның біріншісі – ай сайын айлық алу, екіншісі белгілі бір мамандықпен жұмыс істеу, үшіншісі белгілі бір режимде жұмыс уақытын белгілеп жұмыс жасау. Осы үш талаптың біреуі болса, ол АҚС еңбек шарты болып ауыстырылуға міндетті. Қазір біз шарттарды қарап, мониторинг жүргізіп жатырмыз.
– Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Бота МАНЕТ
Суреттерді түсірген Василий Васильев
